Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған "Мен бір жұмбақ адаммын" атты іс-шара өтті

Ақпанның 5-жұлдызында "Сырдария" университетінде "Бағдарламалық қамтамасыз ету" кафедрасының ұйымдастыруымен Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған "Мен бір жұмбақ адаммын" атты іс-шара өтті.

Шараның негізгі мақсаты – жастарды қазақ ақынының әдеби мұрасына баулу, жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, дарынды жастарды анықтау және олардың шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруда қолдау көрсету.

Іс-шара барысында "Жетісыр" газетінің редактоты Жаппар Ғаппар, қоғам белсендісі, Абайтанушы З. Ахметов Абай туралы өз ойларын ортаға салды.

Студенттер ақынның ең үздік өлеңдерін, қара сөздерін оқып, оның әндерін орындады. Сондай-ақ, "Масғұт" поэмасының желісімен шағын көрініс көрсетті. Шара соңында, Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы интерактивті викторина өткізілді. Бұл Ұлы Абайдың шығармашылығын еске түсірудің тамаша мүмкіндігі болды.

Айта кетсек, "Бағдарламалық қамтамасыз ету" кафедрасының Меңгерушісі Салихова Гүлжахан ҚР Ғылым және білім министрі Асхат Аймағамбетовтің челлендж #Abai175-ке қолдау көрсетіп, эстафетаны университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттеріне жолдады. Абайдың өлеңдерін жатқа айтқан студенттерге Абайдың "Сенде бір кірпіш дүниеге" атты кітабы сыйға тартылды.

Кейінгі толқын ұрпақтарына қалдырған ақын шығармалары  әр студент үшін өшпес мұра, таусылмайтын қазына екені белгілі. Студенттер көкіректеріне тоқып, көңілдеріне шамшырақ етіп алары сөзсіз.

Теги:

Оқиға категориялары