ТАЛАПКЕР ЕҢ ЖОҒАРЫ 140 БАЛЛ ЖИНАДЫ
- 1 view
ЖҰМАБЕК ТАШЕНЕВ АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТ ЖАНЫНДАҒЫ №609 ҰБТ ТАПСЫРУ ПУНКТІНДЕ ТАЛАПКЕР ЕҢ ЖОҒАРЫ 140 БАЛЛ ЖИНАДЫ
Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылының тұрғыны, Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының түлегі Жәнібек Абилхан еліміз бойынша алғашқы болып Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғарғы 140 балл жинады. Ол тестілеуді Жұмабек Ташенов атындағы университет жанындағы №609 ҰБТ тапсыру пунктінде тапсырған.
Жәнібек өз болашағын IT саласымен байланыстырғысы келеді. Ол 10-сыныптан бастап мақсатты түрде дайындалып, бейіндік пән ретінде информатиканы таңдаған. Осы бағытта отандық жоғары оқу орындарының біріне түсіп, кәсіби қызметін жалғастыруды жоспарлап отыр.
Жәнібек көпбалалы отбасында тәрбиеленген, бес баланың екіншісі. Ол бастауыш сыныптан бастап білімге деген ынтасын танытып, тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсетіп келді. Сынып жетекшісі Гүлзира Бортайдың айтуынша, Жәнібек ҰБТ-да осындай жоғары нәтижеге өз еңбегі, мақсаткерлігі мен жүйелі дайындықтың арқасында қол жеткізген. Ол – еңбекқорлықтың, табандылықтың жарқын үлгісі.
Еске салайық, Қазақстанда 16 мамырда 2025 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің негізгі кезеңі басталды. Ол 7 шілдеге дейін жалғасады. Пәндер саны өзгерген жоқ: үш міндетті және екі таңдаулы пән.
ҰБТ өткізу пункті барлық қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген және бір мезетте 200 талапкерді қабылдай алады. Жалпы алғанда, бұл пунктте 14 501 адам тест тапсыруға ниет білдірген.
Атап өтерлігі, бұл тестілеу орталығына Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университетімізге жұмыс сапары барысында арнайы келіп, танысып шықты және орталықтың ұйымдастырылу деңгейін оң бағалады.