Жастарға жігер берген жүздесу

Оқу ордамызда әлеуметтік және тәрбие құрылымының ұйымдастырумен Семей ядролық полигонында әскери қызмет атқарып, полигонның жабылуына үлес қосқан ардагерлермен еркін форматта кездесу өтті.
Кездесуге Семей ядролық сынақ полигонының ардагерлері Есентай Дәрменов, Әбдімәлік Махамбетов және Төрехан Әлімбетов қатысты. Олар Кеңес одағының батыры, Сағадат Нұрмағамбетов, Сабыр Рахымов, Бауыржан Момышұлы атындағы төсбелгі иегерлері студенттермен кездесу барысында өткен күндерді еске алды. Елімізде ондай жағдайдың енді қайталанбауын, болған күнде де жастардың патриоттық рухы жоғары болуына жігер берді. Жастарға Отан алдындағы борышын адал атқаруға сенім білдірді.
Айта кетейік, Семей сынақ алаңы-КСРО Қорғаныс министрлігі мен Атом өнеркәсібі министрлігінің бұйрығымен құрылған, ядролық жарылыстар жүргізілген сынақ аймағы. Полигон бұрынғы Семей облысы, Абралы ауданы, сонымен қатар Павлодар және Қарағанды облыстарының біраз жерін қамтыды. Сынақ аймағында 1949-1989 жылдар аралығында 470-тей қуаты әр түрлі ядролық жарылыстар жасалған.
 

Оқиға категориялары