Денсаулық – байлық негізі

2018 жылдың 13-ақпанында университеттің Тәрбие істері және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры, п.ғ.к., доцент Н.С.Тленчиева, Медициналық қызмет бөлімі аудандық дәрігерлермен кездесу өткізді. "Ерте жүктіліктің салдары", "Сүт безінің обыр ауруы және алдын алу" тақырыбындағы семинарда аудандық аурухананың онколог дәрігері Ә.Шералиев, қалалық емхананың акушер-гинекологы Ф.Зербаева, Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының үйлестірушісі Е.К.Жантөреева, осы орталықтың дәрігері Д.Б. Бұхарбаева баяндама жасады.

Алғаш мінберге шыққан онколог дәрігер Ә.Шералиев: "Қатерлі ісік ауруларының құрылымдары бойынша сүт бездері қатерлі ісігі бірінші орында тұр (12,7%). Екінші орында – өкпе обыры (10,1%), Үшінші орында  – асқазанның қатерлі ісігі (7,9%). Статистикаға сәйкес, Қазақстанда гематологиялық және  онкологиялық аурулар кездейсоқ оқиғалар мен суицит және жол апатынан алатын жарақаттардан кейінгі екінші орында тұр.

Науқастардың жартысынан көбі дәрігерге ауруды өткізіп алып барып көрінетіндер. Мұны медиктердің қазір барлығы да дәлелдеп отыр. Сондықтан "Саламатты Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында  халықтың арасында қатерлі ісікті ерте кезеңінде анықтау мақсатында  скринингтер өткізілуде.

Бүгінде сол скринингтің көмегімен жұмыс істелуде. Соның нәтижесінде барлық облыс, қалада 35-60 жас аралығындағы әйелдер тексеруден өтті. Тексеру кезінде елімізде 2 миллионға жуық әйелдер тексеріліп, олардың арасынан 2000-ға жуық қыз-келіншектерде сүт бездерінің қатерлі ісігі табылған. Бір қуанарлығы, сол адамдардың мыңнан астамында (70 пайызында) қатерлі ісік алғашқы сатылары (0-1) анықталған. Демек, науқастың ол аурудан айығып кетуіне толық негіз бар деген сөз", - деп, аурудың алдын алу шараларына да тоқаталып өтті. Дәрігер баяндамасынан соң студенттердің сұрақтарына да жауап берді.

Қалалық емхананың акушер-гинекологы "Ерте жүктіліктің салдары" тақырыбында сөз қозғап, жолданған сауалдарға жауап беріп, қыз баланың тәрбиесіне қатысты пікірлерімен бөлісті.

Әрбір адам үшін ең маңыздысы – денсаулық. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу керектігін көңілге түйіп қайтты студент жастар.

Оқиға категориялары