Ұлт қайраткері, ұлттық рухтың ұраншысы – Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 90 жыл

 «Сырдария» университетінде 2021 жылдың 24 қарашасынан бастап, Тәуелсіздікке 30 жыл: «Жаңа цифрлық дәуірде - ұлттық дамудың ұтымды жүйесін нығайту» Халықаралық Форумы өз жұмысын бастады.
Форум Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген проблемаларды негізге ала отырып қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған. Мақсаты: ЖОО арасындағы ынтымақтастықты дамыту, кәсіби қоғамдастықты қалыптастыру, білім беру сапасын қамтамасыз ету мәселелері бойынша халықаралық диалогтық платформа құру болып табылады. 
Форум аясында 25 қараша күні көрнекті мемлекет қайраткері, белгілі этнограф ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлт қайраткері, ұлттық рухтың ұраншысы» атты вебинар өтті. 
Вебинарға елімізге белгілі қоғам қайраткері, Абыз, Ел ағасы, ф.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі Мырзатай Жолдасбеков, п.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі, «Сырдария» университетінің негізін қалаған біртуар тұлға Оңалбай Аешев, ф.ғ.д., профессор, сыншы, теоретик ғалым Құлбек Ергөбек, өзбекәлітанушы ғалым, т,ғ.к., Жетісайдың тумасы, көрнекті апайымыз Баян Адырбек, Өзағаның немересі, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы қоғамдық қордың президенті Азел Бауыржанқызы және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы Байболов Берік Қыстаубайұлы қатысты. 
Басқосу барысында қоғам қайраткерінің мәдениет, руханият саласына сіңірген ұшан-теңіз еңбегі мен толағай істері жөнінде есті естеліктер айтылып, баяндамалар оқылды, тың мәліметтер берілді. Бір көңіл бөлетін жай - қазақ халқының үлкен жанашыры, Тәуелсіз мемлекетке айналуымызға өз еңбегін қосқан, өмірі өнегеге толы Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдығы 30 жылдық азаттығымызбен тұспа-тұс келіп отырғандығында.
Әр заманда елдің тарихы мен мәдениетін жаңғыртатын, ұлттың бай мұрасын келешек ұрпаққа жеткізе білетін алып тұлғалар болады. Солардың бірі әрі бірегейі - қазақтың тау тұлғасы – ел Өзаға деп атап кеткен Өзбекәлі Жәнібеков.
Өзаға атақ-абыройды қуған жоқ. Кеңестік идеологияға қарамастан, Алаш зиялыларының ақталуына атсалысты. Елдің Наурыз мейрамымен қайта қауышуына үлес қосты. Тайқазанды қайтарып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіру жұмыстарына бастамашы болды. Музей ашты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты.
Мырзатай аға, Өзбекәлі Жәнібеков туралы «Мені қасынан қалдырмайтын, ел аралап бірге жүрдік. Қазақтың ой-санасы туралы айтқанды жақсы көретін. Сөйлеп кетсе, кеудесі кеңсарай еді. Өзі тарихшы, этнограф болды. Бірталай кітаптар жазды. Жаны таза адам еді. Мемлекет мүлкіне еш қол сұқпаған адам», - деген тамаша пікір айтып, Өзағамен бірге жұмыс істеген кездерін ерекше ықыласпен еске алды.
Өзағаның ұлт алдындағы басты еңбегі сол, халқымыздың дарынды жастарына да қамқоршы бола бiлуi талай жастарға жөн сілтеп, қолдау көрсетті. Әсіресе, өнер адамдарына қол ұшын созып, демеу болды. Оның бастамасымен елiмiздiң көп жерiнде, Отырар, Әзiрет Сұлтан, Тараз, Үстiрт секiлдi елді мекендерде этнографиялық музейлер ашылып, «Адырна», «Алтынай», «Сазген», «Сырнай», «Шертер», басқа да фольклорлық өнер ансамбльдерi, Арқалық қазақ сазды драма театры дүниеге келген. Қазақстанның мәдени ескерткiштерiн сақтау мен қалпына келтiру мақсатын көздеген «Арқас» және шет елдерде тұратын отандастарымызбен мәдени байланыс жасайтын «Отан» («Қазақстан») қоғамдары құрылды. 
Қоғам және мемлекет қайраткерінің дара жолы, қыруар еңбегі жөнінде айтылған тұщымды дүниелер тыңдарманға ой салатынына, рухани азық боларына сенімдіміз! 
Дана халқымыз «Кемеңгерге де кеңес керек» деген екен келелі кеңестер көп болсын. Жыл өткен сайын Өзағаның биік рухы асқақтала бермек. Бүгінгі вебинар-отырыс - соның бір айғағы. 
Аман болыңыздар қадірлі Ағалар, құрметті Вебинар қонақтары! 
 

Оқиға категориялары