Наурыз тойы – мереке, Салт-дәстүрім – береке

       Қазақ халқының, қала берді бүкіл түркі, парсы халықтарының өмірінде Наурыз – көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады. Наурыз «жаңа күн» деген сөз. Яғни, бұл күн біздің ата-бабаларымыз, арғы тегіміз, мыңдаған жылдардан бері мерекелеп келе жатқан жыл басы мерекесі.
Әсіресе, біздің халқымыз үшін  Наурыз мерекесінің алар орны зор. Қазақ бұл мейрамды Әз-Наурыз мейрамы деп те атайды. Халықтың ежелгі наным-сенімінде наурыздың алғашқы үш күнінде жер-көкті жарып ерекше дыбыс (гуіл) естіледі. Мұны тек қана жұмақтан шыққан қой, сол арқылы оны бағып жүрген қойшы ғана естиді. Бұл күні бүкіл табиғатқа, тіршілік иесіне, өсімдік, жан – жануарға ерекше сезім, қуат, қасиет нұры құйылады. Сол себепті, халқымыз «Әз болмай, мәз болмайды» деген. Әз-Наурыз – Ақтың молаятын, Жарықтың ұзаратын, Нұрдың молаятын, Тіршіліктің жаңаратын, Өмірдің жаңғыратын, Пейілдің түзелетін, Көңілдің кеңейетін кезеңі. Әз-Наурыз – жақсылықтың жаршысы, іргесі сөгілмес бірліктің берекесі, ырысы төгілмес тірліктің мерекесі.
       Бүгінде Мырзашөлдің рухани қазынасына айналып отырған «Сырдария» университетінде 17-наурыз күні Наурыз мерекесіне арналған «Наурыз тойы –  Мереке, Салт-дәстүрім – Береке» атты іс-шара өтті. Сәні мен салтанаты келіскен Конгрес-холл сарайында өткен бұл іс-шараның тәрбиелік-тағылымдық мәні де зор болды. Мерекелік думанды салтанатты түрде ашқан жүргізушілер Наурыз мейрамы туралы мағлұмат беріп, оның тарихы мен қадір-қасиетін ашып көрсетті. Университеттің оқу істері жөніндегі проректоры Исаева Күлайна Әліқұлқызы және «Мырзашөлдің Нұрғисасы» атанған ауданымыздың құрметті азаматы, профессор Бөрі Иса ағамыз көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтап, өздерінің ақжарма тілектерін жеткізді. 
        Ұлыстың ұлы күнінде құлақ құрышын қандырған күмбірлеген күй мен әсем ән-жырдан, мың бұралған биден шашу шашылды. Профессор Бөрі Исаның жетекшілігімен университет оркестрі «Наурыз тойы» және «Балбырауын» күйлерін нақышына келтіре орындаса, ал «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» білім беру бағдарламасының 2-курс студенті  Оразалы Шұғыла «Наурыз думан» әнін, «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 1-курс студенті Қыстауова Ақдидар «Қазағымсың» әнін,  осы  мамандықтың 3-курс студенттері Юсуп Мадина мен Оспан Ұлжан «Бақытты әйел» әнін,  «Музыка мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасының  1-курс студенттері  Тұрғанбек Ерсұлтан «Гүлістан Қазақстан» әнін, Рахматулла Досымхан «Жақсы адамдарым»,  Әділбай Ұлан «Қазақ жастары» және  Базарбай Бауыржан халық әні «Бұлбұлым» әндерін нақышына келтіре орындады.  
         Мың бұралған бишілеріміз де өз өнерлерімен көпшілікті тәнті етті: «Музыка мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасының студенттері «Айшолпан» биін, «Өзбек биін», осы мамандықтың 1-курс студенті  Кулсүлейменова Гүлмира «Үнді биін» және «Көркем еңбек және сызу» білім беру бағдарламасының  студенттері «Ақ жұлдыз» биін орындап көпшіліктің көзайымына айналды. Сондай-ақ халқымыздың салт-дәстүрі де дәріптеліп, «Бесікке салу» дәстүрі көрсетілді. Мереке соңында ән-жырлар мен билер одан әрі жалғасын тауып жатты. 
       Ендеше, Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, тәуелсіз қазақ елі мәңгі жасай берсін!   


Мырзабай МЕЙІРБЕКОВ 
«Филолгия және гуманитарлық білім» факультетінің деканы,
 тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

 

Оқиға категориялары