«СЫРДАРИЯ» УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТҮЛЕГІ - «АЛМАТЫНЫҢ ЖЫЛ МҰҒАЛІМІ»

Ширек ғасырға жуық тарихы бар «Сырдария» университеті - бүгінде заман талабына сай материалдық техникалық базасы нығайған, оқу-әдістемелік қоры, ғылыми әлеуеті толыққан, білім беру, оқыту, машықтандыру, кәсіби мамандар даярлауды қалыптастырған үлкен шаңыраққа айналды. 
«Сырдария» университетін, соның ішінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын бітірген түлектер - сонау Ақбаян Сапарбаевадан бастап («Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының «Аялы алақан» бағдарламасының редакторы, 2009 жылдан бері «Жан жылуы» әлеуметтік тележурналының продюсері, жүргізушісі), Нұр-Сұлтан қаласындағы «АSTANA TV» телеарнасының тілшілері Асылбек Данияр (2019 жылдан бері), Бекболат Сатуов (2021 жылдан бері) мемлекетшіл, отаншыл, ұлтжанды, азаматтық патриоттығы жоғары азаматтар. 
Біз - сондай түлектермен мақтанамыз.
Соның бірі – «Алматының жыл мұғалімі» байқауының Гран-при иегері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұржігіт Аманов. Аманов Нұржігіт 2021 жылдағы «Алматының жыл мұғалімі» байқауында Бас жүлдеге қол жеткізіп, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қолынан екі бөлмелі пәтер кілтін алды. Ол қала бойынша іріктеліп алынған 31 ұстаздың ішінен үздік шыққан. Үздіктің үздігі атанған шәкіртін университет ұжымы, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы да шын жүректен құттықтайды!

Нұржігіт 2008-2012 жылдар аралығында «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша «Сырдария» университетінде білім алды. Қазіргі таңда осы мамандықтың магистратура бөлімінде 2-курс магистранты. 
«Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасы бірнеше білім беру бағдарламалары бойынша мамандар дайындайды. Қазақ тілі мен әдебиеті саласынан білім бере отырып, дәстүрлі журналистика, қоғаммен байланыс сияқты қырларына басымдық беріледі. Қасиетті ана тілімен, әдебиетімен сусындаған, бай рухани азық алған түлектеріміз білікті ұстаз ретінде өздерін танытуда, ұлттық мұратқа, халықтық мақсатқа қызмет етуде. Демек, біздің университетке жүрдім-бардым, кездейсоқ адамдар келмейді. 
Оның нәтижесі – біздің түлектеріміз. Нұржігіттің ізденімпаздығы, талапшылдығы студент кезінде-ақ байқалған еді. Республикалық конкурстар мен пәндік олимпиадаларға қатысып, ауыл тақырыбына жазған шығармасы арқылы жүлделі орынды иеленген еді.
Нұржігіттің айтуынша, ұстаз – 45 минуттың қожасы мен иесі. Сондықтан да бар жауапкершілік ұстазда. 
Қазіргі таңда Нұржігіт Аманов Алматыдағы әйгілі режиссер Сұлтанахмет Қожықов атындағы №39 мамандандырылған лицейде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. 
«Алматының жыл мұғалімі» атанған Нұржігіт әр сабағының 5 минутын Абайға арнайды екен. Нұржігіттің Абайға деген сүйіспеншілігі университет қабырғасында жүргенде қалыптасты. Кафедра жанынан ашылған «Абайтану» орталығы әрбір студенттің жүрегіне нұр құйып, білікті маман болып қалыптасуына септігін тигізуде. Ізденімпаз, жаңашыл Нұржігіт «New generation» цифрлық білім беру технологиясын да құрастырған. 

Нұржігіттің «New generation» цифрлық білім беру технологиясын құрастырудағы мақсатына тоқтала келіп, былай дейді: қазіргі заман оқушыларының білімді қабылдау қабілеті, бұрынғы кезбен салыстырғанда өзгеше. Балаларға бірден қабылдап, алатындай ерекше дүние қажет. Бұл оқушы мен ұстаздың білім берудегі арақатынасын жетілдіре түсетін ақпараттық технология. Қазіргі заман оқушыларының қабылдау қабілеті, бұрынғы кезбен салыстырғанда басқаша.
Бұл – цифрлық білім беру технологиясы ҚҚҚ+ТТТ=Ф білім беру формуласы. «New generation» деген формулаға негізделген. «New generation» – цифрлық білім беру жобасы арқылы берілетін әрбір сабақ қызықты, қиын, құнды болу керек. Талғамын, танымын, талдай алу. Оқушының бойында осы 6 қабілет болса, онда баладан функционалдық сауаттылық қалыптасқан тұлға шығады. Қазіргі таңда осы білім беру технологиясын мектепте қолданып жатырмыз. 
Дегенмен біз, ұстаздар, «жаңашылдық», «жаңару деген осы екен» деп, өткеннен қол үзіп кетуге болмайды. Білім берудегі жаңашылдық әлемдік стандартқа жауап бергенімен, тәрбие берудегі әдіс-тәсілдеріміз ата-бабамыз сан ғасырлар бойы қалыптастырған стандартқа сай болуы керек. Сонда ғана қазақ ұлты түрлі өркениеттер ағымында кетпей, өзіндік болмысын сақтап қалатын болады».
Бала кезден Абайды оқып, өзіне рухани азық тұтқан Нұржігіт «Абай Әлемі» жобасын жасаған. Сонымен қатар мектептегі білім жоспарына да Абайдың шығармасы мен өлеңдерін енгізген. 
Нұржігіт Аманов Абайдың 17-қара сөзін өмірлік ұстанымы ретінде санайды. Ұстаздың жүрегі әрқашан махаббатқа толы және жаны таза болуы керек деп есептейді. Бұл тазалық оқушыны білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, тәлім-тәрбие, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ерекше орын алады.

     Адами қасиеттердің бәрі жүректен шығады. Нағыз ұстаз бала жанын түсініп, жан азығын бере алады. Ал жан азығын беру үшін өз жаны да судай таза болуы керек, міне, үлкен жеңіске жеткен Нұржігіттің жаны Абай ілімімен сусындаған.
Нұржігіттің оқу, білім, тәрбие, ғылым саласында жеткен жетістігі айтарлықтай: 10 ғылыми мақаланың, 1 авторлық бағдарламаның, 3 әдістемелік құралдың, 35-ке жуық мақаланың авторы; Республикалық «Мезет» ақпараттық-әдістемелік журналының бас редакторы; «New generation» цифрлық білім беру технологиясының авторы (https:// www.youtube.com/watch?v=KL_kxJbJED4&t=6s); «Алдаспан» балалар театрының жетекшісі; қалалық «Үздік педагог» байқауының ІІІ орын иегері (2020); қалалық «Педагогикалық технологиялар панорамасы» конкурсының жеңімпазы (2020); қалалық «Бала Абайдан – хакім Абайға дейін» атты байқаудың І орын иегері (2020); қалалық «Абай әлемі» байқауының ІІ орын иегері (2020); республикалық «Ең үздік сабақ жоспары» атты байқаудың І орын иегері (2020); ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Р.Раимкулованың Алғыс хатымен (2019) марапатталған; С.А.Қожықов атындағы мұражайдың негізін салушы; заманауи үлгіде жасалған «Абай әлемі» атты залдың авторы; Халықаралық «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» педагогикалық олимпиадасының жеңімпазы; оқушыларды көркем шығарма оқуға баулу мақсатында «ЖАҢАРУ мен ӘДЕБИЕТ» атты ютуб арнасындағы жобаның авторы (Аманов Нуржигит ютуб каналы); оқушылары Халықаралық және республикалық ғылыми жоба, олимпиада жүлдегерлері.
Отанын, елін, жерін сүйген, жұрттың сөзін сөйлейтін, ұлттың мұңын ойлайтын, жоғын жоқтайтын тілші, білікті маман, мұғалім ретінде қалыптасқан «Сырдария» университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының түлектері бүгінде ұлттық сананы әрбір жастың бойына сіңіруде. 
 

Абенова Ләззат Усманқызы
 «Сырдария» университетінің Ғалым хатшысы, 
«Филология және гуманитарлық білім» факультетінің 
қауымдастырылған прфессор міндетін атқарушы, 
филология ғылымдарының кандидаты