ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПРАКТИКА – БОЛАШАҚ МАМАННЫҢ ШЫҢДАЛУ МЕКТЕБІ

Болашақ педагог мамандардың теориялық білімдері мен практикалық тәжірибелерін ұштастыратын негізгі форма – педагогикалық практика. Болашақ педагог мамандардың педагогикалық қызметті меңгеруі тек теориялық оқу мен практикалық тәжірибе өзара байланыста болған жағдайда ғана жүзеге асады. Педагогикалық практикадан өту кезінде студент-практикант қаншалықты мамандықты дұрыс таңдағанын, өзінің тұлғалық қабілеттерінің болашақ мамандығымен үйлесімділік деңгейін анықтайды.
Студенттің кәсіби әрекеті мазмұнды материалдардың негізінде, практика барысында жетіледі. Бұл кезеңде студенттердің іскерлігі мен дағдылары қалыптасады және өзіне деген сенімі артады. Шығармашылық деңгейде жұмыс істеу барысында олар өз білімдерін дәлелдейді. Студент-практикант өз іс-әрекетін талдай отыра, жұмыс барысында туындаған қиыншылықтарды іскерлікпен шешеді.
Бұл орайда педагогикалық практиканың алатын орны ерекше, өйткені қазіргі студент — болашақ ұстаз өзінің бейімділігін, шеберлігін, ыңғайлылығын, алған теориялық білімдерін мектеп өмірімен байланыстыра отырып жүзеге асырады. Мұғалімге тән педагогикалық шеберлікке, іскерлікке жетуге жол ашылады.
Факультетіміздің 5В010600-Музыкалық білім,5В010700-Бейнелеу өнері және сызу,5В012000-Кәсіптік оқыту білім беру бағдарламасының студенттері аудан мектептеріне және Д.А.Қонаев атындағы № 9 жалпы IТ мектеп лицейі коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, Ш.Уалиханов атындағы №2 жалпы орта мектебіне, №1 Жетісай «Балалар» өнер мектебі және «Шардара» мектеп лицейі коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, Келес ауданы № 49 «Қоңыртөбе» жалпы орта мектебінде т.б педагогикалық практикада жүр.
Практикадан өту барысында студенттеріміздің алған теориялық білімдерін тереңдетіп, кәсіби білік-дағдылары мен кәсіби-тұлғалық қабілеттерін қалыптастырып, педагогикалық ойлауы, шығармашылық белсенділігі мен дербестігі дамиды. Практикант ұстаздарымызға сәттілік тілейміз.