Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев пен Ғалым Жайлыбайдың тұған күндері

Бүгін «Хан Тәңірінің мұзбалағы» атанған Мұқағали Мақатаевтың туған күні! Құтты болсын, әріптестер!
«Ай таңбалы арғымағына» мініп, құлағымызға Мұқағалидың үні мен жыры шалынып, Алаштың жыр бәйгесінің алдынан көріне берсін!
Сондай-ақ,
Балапанды бездірсең ұясынан,
Ажырайды қаламым сиясынан.
...Сіздің жаңа күйіңіз
қандай аға -
 Біздің күйдің атауы – «…Ми ашыған...» - деп жырлаған ақын Ғалым Жайлыбайдың да Тәңір маңдайыңа Мұқағалимен бір күнде Жарық Дүниеге келуді жазған екен!
Бәріміз де бір «ми ашыған...» дәуірде ғұмыр кешіп жатсақ та, Алашыңның аруақ шақырып, үстіне бозторғай ұя салатын күні де алыс емес енді! Президентіміз тізгінді нық, берік ұстаған Жаңа Қазақстанның болашағы жарқын болсын! 

ҚҰСТЫҢ ҮНІ
 
Жүрегім ауырады,
Наурыз туар,
содан соң сәуір әрі...
Бұрқақтары басылса бұл жалғанның -
Сырқаттары санамның сауығады.
...Жүрегім ауырады.
 
Ақ түтекке қарамай аңтарылып,
Тарғыл-тарғыл тастақпен тартады жұрт.
Қарағанның түбінде қараңдаған-
Арман қалды қаңтарда қаңтарылып.
 
Кей түндерде әппақ түс көретін ем,
Бозторғайы Мәшһүрдің кел,
Өтінем!
Қаңтарылған Арманды қаңтардағы –
Құтқарайық екеулеп жел өтінен...
 
Құрбан болды тоқты емес,
дүйім еркек,
Аяғы жоқ не деген қиын ертек?...
...Тәңір ме екен сап қойған тәлкегіне
Шәміл көкем тастапты күйін өртеп.
 
Балапанды бездірсең ұясынан,
Ажырайды қаламым сиясынан.
...Сіздің жаңа күйіңіз
қандай аға –
Біздің күйдің атауы – «…Ми ашыған»
 
Түнгі шаһар,
телмірем шамдарына,
Таупық берсін жаратқан,
қалғаныма...
...Үміттерді үздіккен үркітпеші –
Тұзақ тастай көрмеші, Арманыма.
 
Жаным,
Сені жаныма жиі ертер ем,
Ағарғаның бар болса,
Құй, ертемен!
...Мына бүлік қай бүлік
кім айтады –
Мына заман қай заман,
Күй өртеген?...

Кім айтады,
қай бүлік,
мына бүлік?
Пенде түгіл ішінен тынады бұлт.
...Таңып берші,
жарасын құлынымның –
Жағып берші,
жанына шырақ - үміт!
 
Дара жұртта болады дана сенім,
Аңызына сыйғызған бар әсемін.
...Құстың үнін естідім
Таң алдында –
Бозторғайың сол шығар, Баба сенің! 

Ғалым Жайлыбай