Ұлт болашағы үшін жасалған тарихи қадам

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қоюы – ең үлкен тарихи қадам.

Себебі, Рухани жаңғыру тілмен үйлесім тапқанда ғана өзінің биік миссиясын орындайды. Жалпы, мемлекеттің күш, тірегі – халық болса, халықтың тірегі – Тіл. Тіл дұрыс әріптеліп, дұрыс емленетін болса, мемлекеттің де бүкіл тіршілігі дұрыс жүреді. Тіл табиғаты сақталып, дұрыс қолданылғанда ғана адамдар да, мемлекеттер де бір-бірімен жақсы қарым-қатынас жасай алады. Тіл қателікке ұрынса, қоғамның да, халықтың да, мемлекеттің де ішкі, сыртқы тіршілігі оңға баспайды.

Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар?! Өткенді ойлайтын, болашақты болжайтын Елбасы қазақ тілінің қасиеті туралы сан толғанды. Тәуелсіздік алғаннан кейін ТМД елдері жаппай латын әліпбиіне көшіп жатқанда сабыр сақтады. Көреген саясаткер ретінде қоғамдық ойдың жетегінде кетпеді. Ол мемлекеттің даму стретегиясы мен тактикасын дұрыс айқындай білді. Міне, қазақ әліпбиін латын әрпіне көшіру уақыты енді келіп жетті. Латын әліпбиіне көшу - тіліміздің табиғи қалпын сақтауы үшін, қазақ тілінде компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне енуіне жол ашылып, еліміздің жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуі және шетелдегі қазақтармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты нығайту үшін де тиімді екендігі дәлелдеуге келмейтін аксиома.

Ұлт тағдырына жаны ашитын қауым «латын әліпбиіне көшеміз» дегелі өз пікірлерін айтып келді. Ұлт үшін өте маңызды мәселеге зиялы қауым немқұрайды қарай алмайды. Кез келген жаңалықты бірден қабылдау – оңай шаруа емес. Мұндай жағдайда біз міндетті түрде ұлыларға сүйенеміз. Олар не дейді? Ұлтымыздың ұлы ақындарының бірі, қазақ поэзиясының Абай, Шәкәрімнен кейінгі ірі тұлғасы – Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Заманның өзгергенін сезбеудің өзі – надандық» деп толғаған екен. Демек, заман мен уақыттың өзгеруіне, тарихтың талабына қарай ұрпақ болашағы үшін Елбасы дұрыс шешім қабылдады.

Замана сұранысына қарай жасалған қазақ елінің жаңа қадамы Мәңгілік ел мұратына қол жеткізеді деген сенімдемін.

«Сырдария» университеті, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Абенова Ләззат

Оқиға категориялары