Мәдени және рухани шығармашылық кеш өтті

Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, танымал өзбек ақын-жазушысы, Тұран халық жазушысы, тарихи романдар авторы Шаһодат Исаханованың шығармашылық кеші және кітаптарының тұсаукесері өтті.
Мәдени және рухани іс-шараға университеттің профессор-оқытушылары, студенттер, жалпы білім беру мекемелерінің мұғалімдері, БАҚ қызметкерлері қатысты. Шығармашылық басқосуды Ғылым және зерттеу жұмыстары жөніндегі проректоры Арзымбетова Шолпан Жақсылықовна ашып берген болса, Филологя факультетінің деканы Амангелді Мамыт, кафедра меңгерушісі Абдижалил Аккузов өз жылы лебіздерін білдірді.
Хулкар Хамраева жазушы Шаһодат Исаханованың өмір жолы, шығармашылығымен таныстыра отыра, өзбек-қазақ халықтарының тамыры терең, тарихы бір екендігіне, ұлы жазушылар Мұхтар Әуезовпен Абдулла Қадирийдың, Мұса Айбекпен Сәбит Мұқановтың әдеби достығы туралы тоқталып, Шаһодат Исаханованың да Тұран ханшайымдары туралы тарихи романдары түркі тілдес халықтарының әдеби мұрасына айналатыны туралы пікірлерін білдірді.
Шығармашылық кеш Шымкент қалалық өзбек драма театрында Ш.Исаханованың «Тановар» шығармасының сахнадағы қойылымын тамашалаумен жалғасты. Театрдың талантты актерлары сомдаған рөлдері, сахналық қойылымдың  жоғары дәрежеде орындалуы мәдени және рухани басқосудың мазмұнды да әсерлі аяқталуымен өз мақсатына жетті.