Заманауи студенттер үйі
- 1 view
Сілтеме: https://egemen.kz/article/376711-zamanaui-studentter-uyi
Жақында Шымкенттегі Жұмабек Тәшенев атындағы университетінде Студенттер үйі ашылды. Білім алушылардың игілігіне арналған бұл нысан мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясында салынды. Төрт қабатты жаңа үлгімен бой көтерген Студенттер үйінде бағасы қолжетімді әлеуметтік дүкен, асхана, би алаңы, кір жуу бөлмесі және интернет желісімен жабдықталған оқу залы қамтылған. Сән-сәулеті келіскен ғимарат ішіне күн сәулесі молынан түседі. Бәйдібек би даңғылы бойында биыл шілде айында қолдануға берілген 150 орындық жатақханаға студенттер тамыз айынан бастап орналасты.
Студенттер үйінің салтанатты ашылуына Ж.Тәшенев атындағы университеттің басқарма төрағасы, ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшұлы, университет ректоры профессор Қанат Байболов, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік педагогикалық университетінің ректоры міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева, Стратегиялық даму және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Баршагүл Исабек, сондай-ақ жеке кәсіп¬кер¬лер Қасымбай Жаханұлы мен Хиллола Анарметовалар қатысып, білім алушы жастарға ізгі тілектерін жеткізді.
«Білім ордасындағы бар игілік студенттер үшін арналып отыр. Университетте білімпаздардың ілім тоқып, өз бетінше ізденуге бар жағдай жасалған. Оқытушылардың да біліктілігі жоғары. Ұстаздардың көпшілігі шетелде оқыған. Адал еңбек пен сапалы қызметтің нәтижесінде бүгінде студенттердің де білім дәрежесі артып келеді. Сонымен бірге таяуда Студенттер күніне орай «Tashenev tandauy-2024» атты кеш ұйымдастырдық. Оған шәкірттермен бірге университеттің ұстаздары, басшылық құрамы түгел қатысты. Сол кеште тәрбиесімен, білімімен өзгелерге үлгі болған үздік студенттер марапатталды. Бұл кеш тек көңіл көтеру іс-шарасы емес, жастардың өз өнерлерін ортаға салатын, талантын ашатын, сондай-ақ шәкірт пен ұстаз арасындағы байланысты жақындата түсетін мереке», деді университет ректоры Қ.Байболов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде білім саласы дамып келеді. Бұл ретте еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласы да өзге өңірлерден қалыспай, білім сапасын жақсартуға күш салып отыр. Ал шырайлы шаһарда болашақ педагогтерді даярлайтын маңызды оқу орынның бірі – Ж.Тәшенев атындағы университет. Оның тарихы 90-жылдардың аяқ кезінен басталады. 1998 жылы қазіргі Түркістан облысының Жетісай қаласында жастарды жоғары біліммен қамтамасыз ету мақсатында аталған университет «Сырдария» деген атпен ашылған болатын. Осы уақыт аралығында білім ордасы өз дәстүрі мен тәжірибесі қалыптасқан, алдыңғы қатарлы жекеменшік жоғары оқу орындарының біріне айналды. Осыған қарай бүгінгі таңда университетті еліміздің оңтүстік өлкесіндегі сан алуан оқыту бағдарламаларын ұсынып отырған білім мен ғылым ордасы деуге болады. 2022 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйғары¬мымен университет Шымкент қаласына көшірілді. Кейін оқу орнына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің есімі берілді. Қазір аталған жоғары оқу орнында төрт факультет, он бес кафедра бар. Білім ордасы жастардың қоғам өмірінде белсенді болуына мүмкіндік жасап, бағыт-бағдар сілтеп келеді.
Университет қазір заманауи әдістемелер бойынша педагог мамандарды даярлайды. Материалдық-техникалық базасы студенттерге білім мен тәжірибені бірге ұштастыруға үлкен мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда елімізде білімді де жан-жақты мұғалім мамандарына сұраныс жоғары. Ал еңбек нарығын өз мамандығына сай педагог мамандармен толықтырып отырған оқу орнының бірі – Тәшенев университеті. Бұл оқу ордасын ұстаздар ұстаханасы деп атауға болады. Бүгінгі студенттер арасында пәтер жалдап тұратындар бар. Бұл, жалпы алғанда, әлеуметтік мәселенің қоғамдағы бір көрінісі. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жоғары оқу орындары студенттердің жатақхана мәселесін біртіндеп шешіп келеді. Бұл әрі университеттің толыққанды қалыптасқанын көрсетеді. Біліммен қоса материалдық базасының жақсы екенін білдіреді. Осындай дәрежеге жеткен Тәшенев университетінің табыстарына, әрине, қуану керек.
Ел болашағы бүгінгі жастар қолында. Сондықтан жастар тәрбиесі қоғамда ерекше мәнге ие. Өскелең ұрпақтың тәрбиелі болып қалыптасуына ұстаздардың да айрықша рөлі бар. Жастарға жолдаған үндеуінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен бұған дейін «Адал азамат» ұғымын ұсындым. Осы орайда жастарымызға арнайы үндеу жолдағым келеді. Елімізде жүзеге асырылып жатқан әрбір бастама, ең алдымен, сіздерге арналады. Қазіргі реформалардың игілігін көретін де, елдік істерді жал-ғастыратын да – сіздер. Шын мәнінде, кез келген мемлекетті тұрғындарына қарап бағалайды. Яғни біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондық-тан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет. Жастар спортпен, дене шынықтырумен айналысуы керек. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы құндылықтарды барынша насихаттап, тарату қажет. Сонда жеке адамның қасиеті тұтас ұлттың қасиетіне айналады», деген еді. Өз кезегінде Тәшенев университеті жастарды білім мен тәрбие нәрімен сусындатуда үлкен іс атқарып келеді.
Жалпы, биылғы оқу жылының нәтижесіне үңілсек, 20 – Алтын белгі, 50 – үздік аттестат, 14 халықаралық және рес¬пуб¬ликалық олимпиада жеңім¬паз¬дары, 12 IELTS сертификаттарын иеленген озат мектеп түлектері осы университетке студент ретінде қабылдануға таңдау жасаған. Қазіргі таңда аталған оқу орнында мемлекеттік грантпен – 96, «Тәшенев тартуы» бо¬йынша – 150, «Қазақстан халқына» қоры қаражатына – 5, қала әкімінің грантымен – 49 студент білім алып жатыр.
Оқиға категориялары
►"Zan" деректер қоры ► Tilqural.kz ► Tilalemi.kz ► Balatili.kz ► Emle.kz ► Termincom.kz ► Sozdikqor.kz ► Qazcorpora.kz ► Qujat.kz ► Tilmedia.kz ► Atau.kz ► Abai.institute.
2021-2022 оқу жылында жүргізілген сауалнамалар
✅ Сауалнама «Білім алушылардың ЖОО-дағы ғылыми-зерттеу жұмыстарды ұйымдастыруға қанағаттануы»
✅ Сауалнама «ЖОО-дағы оқытушыларды ҒЗЖ тарту»
✅ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес»
✅ «ПОҚ-тың жоғарғы оқу орнына қанағаттануы»
✅ «Білім алушылардың білім беру нәтижелеріне қанағаттануы»
✅ «ЖОО білім алушыларының өздеріне көрсетілетін қолдау қызметтеріне қанағаттануы»
✅ «Оқытушы студент көзімен» сауалнамасы
✅ Жұмыс берушінің түлектердің дайындық сапасына қанағаттануы сауалнамасы
☑ Университетте жүргізілген анкеталық – сауалнама туралы мәлімет
Жаңа пікірді жазу