Таным мен тағылым. "Құрманжан датқа" фильмі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын жариялады. Онда қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылын ой елегінен өткізе отырып, бағдар мен белес, таным мен тағылым,
қоғам мен құндылық, ұлағат пен ұстаным мәселелеріне кеңінен тоқталды. 
Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толып отыр, Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы да сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Бірақ Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек. Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс. 
 Кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлт шежіресін түгендеуге жол ашты. Отандық тарих ғылымы тың серпінмен дамып, түрлі бағыттар бойынша көптеген зерттеулер жүргізілді. Бұрын бәймәлім болған қаншама тарихи деректер, археологиялық қазыналар табылды. Оны қалың жұртшылық тану үшін түсінікті және қолжетімді ету қажет. Өйткені тарихшылардың ғана емес, барша жұрттың, әсіресе, жас ұрпақтың тарихи санасы айқын әрі берік болуға тиіс. Бұл бағытта, ауқымды көрмелермен немесе басқа да үлкен жобалармен әуестенбей, балаларға, жастарға арналған қарапайым әрі қабылдауға жеңіл туындыларға баса мән берген жөн. Мысалы, деректі және көркем фильмдерді алайық. Осы бағытта «Алмас қылыш», «Жау жүрек мың бала», «Томирис», «Кейкі батыр», «Тар заман» сияқты тарихи фильмдер түсірілді. Бірақ бұл әлі жеткіліксіз. 
Сондықтан Президент: «Мен құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын. Әрине, қаржы мәселесі шешілуі керек. Дегенмен, көп қаражат жұмсамай да жоғары деңгейдегі өнер туындысын түсіруге болатынын қырғыз бауырларымыз «Құрманжан датқа» фильмі арқылы анық көрсетті», деп киноиндустрия саласының мамандарына үлкен жүк артты. 
Президент ерекше мән берген, қырғыз бауырларымыз түсірген «Құрманжан датқа» фильмі 2021 жыл 3 сәуір күні сағат 14:00-де «Қазақстан ұлттық телеарнасынан көрсетіледі.
Бәріңізді осы фильмді көруге шақырамын!