Профессор Бегім Серіковке ескерткіш тақта орнатылды

"Сырдария" университетінің Бас ғимаратының жанында экономика ғылымдарының докторы, профессор Бегім Серіковке ескерткіш тақта орнатылды. Осыған орай, қыркүйектің 2 жұлдызында университет ұжымы және ағайын-туыстарынан құралған жиын өтті.

Университет ректоры Серік Сансызбайұлы Бегім Серіковтің өмір жолын, елге сіңірген еңбектерін, жастарға берген тәлімін ерекше атап өтті.

Жетісай ауданы әкімі Жамантай Бейсенбаев:

"Бүгінгі тақтайшаны ашуымыздың себебі, ағамыздан дәріс алған еліміздің болашағы студент жастарымыз Бегім ағамызды мәңгі есте сақтауы үшін, елімізге сіңірген еңбектерін біліп, үлгі тұтып жүруі үшін жасалған. Осы дүниені ұйымдастырып отырған университет ұжымына алғысымызды айтамыз. Бір сөзбен айтқанда, бұл тақтайша Бегім ағамыздың есімі ғасырдан ғасырға қалуына арналған. Еліміздің әрбір азаматы өмірге келгенде ағамыз сияқты азамат болса екен деймін. "Елімізде осындай ағамыз бар" деп, мен ғана емес, ел мақтанатын еді. Әттең сұм ажал арамыздан алып кетті. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!" - деді.

Сонымен қатар, университет ұжымы атынан ғалым хатшы Ләззат Абенова және ағамызбен қоғамдық жұмыстарда бірге жұмыс жасаған экономика ғылымыдарының кандидаты, доцент Халықберді Бердібеков елге жасаған ерен еңбектерін еске алып сөз сөйледі.

Бегім ағамыздың ерен еңбегі ешқашан да ұмытылмайды.

Әрқашан өзінің болмысымен, табиғатымен, адалдығымен, әділдігімен жүрегімізде орын алады.

Біз Бегім ағаның рухына тағзым етеміз!

Теги: