Студенттерімен бірге көне қалашықты тапқан

Арамызда 26 жылдық тарихы бар университетіміздің алғашқы құрылған кезеңінен бастап ыстығы мен суығын бірге көтеріп келе жатқан оқытушыларымыз бар. Солардың бірі – тарих және география кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы Сабира Апашева. 
Сонымен қатар, Сабира Нұрбайқызы университетіміздегі нәзік жандылар арасында ең жасы үлкен оқытушылардың қатарында. Бүгінде 4 баланың анасы бір қолымен бесік тербете жүріп, екінші қолымен оқу орадымыздың дамуына, университет атының жоғары деңгейде танылуына өзіндік үлесін қосып жүрген ерекше жан. 
Университеттегі алғашқы жұмысын 1996 жылы зертханашылықтан бастаған ол оқу бөлімінің басшысы, ғалым хатшы кафедра меңгерушісіне дейінгі баспалдақта атқарып келеді. Осынау жылдар ішінде Мырзашөл өңіріндегі көне жәдігерлерді, ескерусіз қалған қалашықты шәкірттерімен бірге тауып, оқу ордамызда құнды дүниелердің сақталуы үшін арнайы музейдің ашылуына ұйытқы болған Сабира Нұрбайқызының өткенді еске алар естелігі көп. 2004 жылы Жетісай ауданына қарасты Киров ауылы маңайында археологиялық қазба жұмыстары кезінде көптеген құнды дүниелер қалып кеткен Үтіртөбе қалашығы табылады. Ондағы жәдігерлер орта ғасырда өмір сүрген халықтың тұтынған заттары екені анықталған. Онда керуен жолдары да болған. 
«Негізінен Үтіртөбе қалашығы апатты аймақтар қатарында. Ол жерді үнемі су басып жатады. Тек тамыз айының басы мен қазан айына дейінгі аралықта ғана су тартылады. Осы аралықта археологиялық қазба жұмыстарын істеп қаламыз. Ең алғашқы жылдары 80 студентті жинап, 12 күнге қалашықтың басында жатып, қазба жұмыстарын жүргізгеніміз есте қаларлықтай болған. Ол кезде автобус та жоқ, межелі жерімізге трактормен жетіп, топ-топқа бөлінген жастардың бір тобы қазан-ошақ істесе, енді бірі жер қазып тоңазытқыш жасады. Көптеген жәдігерлер таптық. Күн сайын студенттерім «Апай мынаны таптық» деп қуанып құмыра, шырағдан, шиша заттар әкеліп жатты. Оған менде ерекше шаттанамын. Балалардың барлығы қызығушылықпен, белсенділікпен жұмыс істеді»,-деп еске алды Сабира Апашева. 
Осылайша ортағасырлық қаланы тауып, астанадан археологтар шақырып, дәлелдеп, жыл сайын табылған жәдігерлер бойынша есеп беріп тұрады. Тіпті қолданылмаған құмыралар да шыққан. Одан кейін 2005 жылы Шардара ауданындағы Сүткент қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары барысында бірнеше жәдігерлер алынады. Күлтөбедегі қазба байлықтар да біздің студенттеріміздің қатысуымен табылған. 
Археологиялық қазба жұмыстарын жанымен сүйетін ұстаз келешекте университет атынан арнайы лицензиясы алынған осынау киелі жерлерде талай құнды дүниелер табылады деп отыр. Студенттер іс-тәжірибе жұмыстары кезінде сол аумақтардан қазба жұмыстарын жүргізу арқылы тарихымызды терең тани бермек. Осынау тарихи жәдігерлерге арнап университет қабырғасында музей ашылған. Ол әкімдік тарапынан туристік маршрутке енгізілген. Демек, ауданға келген туристер музейге арнайы бас сұғады. Қазіргі таңда Жетісай қаласында қалған музей келешекте оқу ордамыздың жаңа ғимаратына көшіп келетініне сенім мол. 
Бүгінде университет мақтанышы Сабира Нұрбайқызы студенттерімен бірге әлі талай тарихымызды түгендері анық.