Ынтымақтастықтың кеңейуі

Ж.А. ТӘШЕНЕВ АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТ ПЕН ФЫРАТ УНИВЕРСИТЕТІ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕҢЕЮДЕ 
2025 жылдың ақпан айында Ж.А. Тәшенев атындағы университет пен Түркияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Фырат университеті арасындағы академиялық ынтымақтастық аясында маңызды іссапар өтті.
Университетіміздің профессор-оқытушылар құрамы, PhD доктор Шахло Наралиева, магистрлар Еркинай Спабекова мен Бейбит Темірбеков Фырат университетінде тәжірибе алмасып, оқу орнының ғылыми-зерттеу базасымен және озық білім беру әдістерімен танысты. Бұл сапар екі университет арасындағы әріптестікті нығайтуға, ғылыми байланысты кеңейтуге және ортақ жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік берді.
Фырат университеті – әлемнің үздік 1000 жоғары оқу орнының қатарында. Университеттің заманауи инфрақұрылымы мен ғылыми әлеуеті студенттерге сапалы білім алуға және зерттеу жұмыстарымен айналысуға қолайлы жағдай жасайды. Мұнда 18 факультет, 4 институт, 1 консерватория, 3 кәсіптік мектеп және 21 ғылыми орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар, университет өз ауруханасы, заманауи зертханалары, өндірістік базалары, кең кітапханасы және студенттерге арналған басқа да ресурстарымен ерекшеленеді.
Халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Ж.А. Тәшенев атындағы университеттің 2-курс студенті Әмзе Нұрбибі мен 3-курс студенті Акрамханов Мавлуддин көктемгі семестрде Фырат университетінде білім алуда. Бұл студенттерге шетелдік жоғары оқу орнында жаңа білім мен тәжірибе жинақтауға, мәдениетаралық қарым-қатынасты нығайтуға үлкен мүмкіндік береді.
Ж.А. Тәшенев атындағы университет халықаралық серіктестікті дамытуға ерекше мән береді. Осыған орай, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мақсатында Фырат университетінің оқытушылары мен студенттерін университетімізге шақыру жоспарланып отыр. Әсіресе, «Түркі халықтарының тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, профессор Эржан Алкайяның қолдауымен ғылыми және академиялық байланыстарды нығайту көзделуде.
Ж.А. Тәшенев атындағы университеттің өкілі Шахло Наралиева сапардың маңыздылығын атап өтті:
"Халықаралық серіктестік – білім мен ғылымды дамытудың негізгі факторларының бірі. Фырат университетімен ынтымақтастығымыз біздің оқытушылар мен студенттер үшін жаңа көкжиектер ашып, тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік береді."
Бұл бастама халықаралық білім беру кеңістігіндегі серіктестікті тереңдетіп, студенттер мен оқытушыларға жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған.
 

Оқиға категориялары