ШЫҒЫСТЫҢ ҒҰЛАМА ҒАЛЫМЫ

20 ақпан күні Ж.А.Тәшенев атындағы университетінде «Оқуға құштар оқырман» үйірмесінің ұйымдастыруымен Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің №1 кітапхана бөлімшесі кітапханашыларының қатысуымен көрнекті ғалым, ұлы ойшыл  Әбу Насыр Әл-Фарабидің туылғанына 1115 жыл толуына орай «ШЫҒЫСТЫҢ ҒҰЛАМА ҒАЛЫМЫ»  тақырыбында танымдық  кеш  өткізілді.  Мақсаты Ұлы ғұламаның мол мұрасын мұқият зерделеп, оның терең философиялық ой-тұжырымдарын өскелең ұрпақ бойына сіңіруге, ізгілік қағидаттарын дәріптеуге үйрету. Әл-Фарабидің педагогикалық тұжырымдамасы мен әлеуметтік-этикалық, философиялық, музыкалық трактаттарын оқуға насихаттау. Іс-шараға «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының оқытушылар құрамы мен «Оқуға құштар оқырман» үйірмесінің мүшелері қатысып, ғұлама ойшыл туралы шығармаларға шолу жасап, ол туралы зерттеулер жайында пікірталасты. Үйірме қатысушылары ғұлама ойшылға  арнаған жеке арнау шығармаларын орындады.
Іс-шара кезінде кітапхана ұжымы осы тақырыпта кітап көрмесін ұйымдастырды, белсене қатысқан студенттер алғыс хатпен  марапатталды. Әл-Фарабидің еңбектері заманауи жастарға ақылдылық, парасаттылық, қарапайымдылық, қанағатшылдық, үнемшілдік, ізеттілік, даналық, асқан пайымдылық, аңғарымпаздық, шыншылдық, ар-ождан тазалығы, тапқырлық, білгірлік, жігерлендіре білушілік, ұстамдылық, ынталылық, шеберлік, табандылық сияқты адами қасиеттер үлгісін теориялық және тәжірибелік деңгейде ұсынады. Түйіндеп айтқанда, білім алушыларды Әл-Фарабидің ғылыми ой пікірлерін оқуға шақырамыз және осындай іс-шаралар әлі де жалғасын табады деген сенімдеміз. 
 

Оқиға категориялары