«Сырдария» университеті Online форматта «Адалдық – ашық диалог алаңы» атты Вебинар-сұхбат өткізді

Құрылғанына ширек ғасыр толып отырған «Сырдария» университеті  Online форматта   10 маусым 2020 жылы сағат 11:00-де «Адалдық – ашық диалог алаңы» атты Вебинар-сұхбат өткізді. Сұхбатқа 70-ке жуық  тыңдаушылар: ел ағалары, зиялы қауым, студент-жастар және  арнай шақырылған қадірлі  қонақтар қатысты! 

«Адалдық – ашық диалог алаңы» атты Online-сұхбаттың модераторы:  Абенова Ләззат - «Сырдария» университетінің Ғалым хатшысы, ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор м.а.

Спикерлер:

1. Аяшев Оңалбай – Түркістан облысы мәслихатының депутаты, п.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі;

2.Тәжібаев Бейсен - Түркістан облысы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары;

3.Алшанов Рахман – ҚР ЖОО қауымдастығының президенті, э.ғ.д., профессор;

4.Шілманов Айбек - Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы;

5.Мұхамеджан Ерболат – ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі;

6.Қарғабай Мирас – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаменті  басшысының бірінші орынбасары;

7.Сүгірбаева  Гүлжан – ОҚМПУ ректоры м.а., т.ғ.к., доцент;

8. Жүнісов Тойым – ел ағасы, Жетісай ауданы Қоғамдық кеңесінің төрағасы;

9. Мамраимов Серік -  «Сырдария» университетінің ректоры, т.ғ.к., доцент;

10. Бектеміс Мейірхан - «Сырдария» университетінің   Students Union басшысы.

«Адалдық – ашық диалог алаңы»  адалдықтан  аттамауды  ұстанады.

Басты үстаным:

- қоғамда мәселені  шешу үшін ақша беру керек деген түсінікті жою;

- адамгершілік қарым-қатынаста пара қолдануды түпкілікті жою. Парақорлыққа,  жалған пікір,  өтірік уәдеге жол бермеу, жалқаулықтан арылу;

- ашық іс-әрекет – басты ұстаным;

- тұрғындардың, әсіресе, жастардың  сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін дамыту, қалыптастыру. Тектілікке жетелеу; 

- «Таза сессия» «Саналы ұрпақ», «Парасаттылық» «Әдеп» еріктілері арқылы халықты бірігу мен бірлесуге шақыру, бейне роликтер түсіру,  әлеуметтік желіге тарату, ой пікірлерін ортаға салу, талдау.

Адалдық  —  адам  мінезіндегі бағалы қасиет.

Адам баласы туа біте  әрқашан да адалдық қасиеттерін кіршіксіз таза ұстауға ұмтылады.

Адалдық - адамның жеке басы мен моральдық тұлғасының  сипаты. Ол туа пайда болмайды. Қоғамда  әр адамның өнегелі тәрбиесі, оқып білім алуы мен адал еңбектену процесінде қалыптасады. Адалдық – адамның  абырой-атағын  арттыратын  ізгі  қасиет.

«Адалдық» – адам бойындағы құнды,  асыл қасиет. Адам бағасының тіректі бір өлшемі. «Адалдық» -  шыншылдық, айнымастық, өз жұмысына шын берілгендік. 

Online-сұхбатты ұйымдастырудағы мақсат - «Адалдық алаңы» жобасы  аясында  Жариялылық,  Ашықтық,  Адалдық қағидаттары бойынша ой толғап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және  мемлекеттік басқару институтына ел сенімін, жастар сенімін арттыру. Уақыт тапшылығын ескере отырып,  сұхбат академиялық 50 минутке жоспарланды. Регламент бойынша әр спикерге 3-4 минут уақыт берілді,  Спикерлер ой-пікірлерін  қысқа да  нақты, мазмұнды  етіп жеткізе білді.   Ватсап желісінде екі телефон жұмыс істеп тұрды, сұхбатқа қатысушылар көкейдегі сұрақтарын жазбаша түрде  жазып жіберді.

          «Сырдария» университетінің негізін қалаған, ел ағасы Оңалбай Аяшұлын алғашқы болып сөз сөйледі: «Өздеріңіз білесіздер, елімізде  «Адалдық алаңы» атты тың жоба іске  асуда. Бұл іс-әрекет - сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа үлгісі. Жоба -  халықтың мемлекеттік билік органдарына деген сенімін арттырмақ.  Қазірде елімізде қоныс тепкен «Адалдық алаңы»   қомақты істер  атқарып жатыр.

Отанымызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және мінез-құлықты қалыптастыруға, қоғамдық бақылауды күшейтуге, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықты тудыратын себептер мен жағдайларды жоюға басты назар аударылуда.

 «Сырдария» университеті де  осы тың Жобаны қолдайды. Университет өмірінде болып жатқан  іс-шаралар жеткілікті. Өзімізді толғандыратын ой-пікірлермен тікелей, жүзбе-жүз Сіздермен  бөлісетініме  қуаныштымын. Алдағы уақытта республикамыздың  танымал ЖОО-ның бірі ретінде «Сырдария» университетінің  тыныс-тіршілігімен терең танысумен бірге,  «Адалдық – ашық диалог алаңы» жобасы Қазақстанның ғылым, білім берудің өзекті мәселелерін талқылайтын, сондай-ақ жеке тұлға дамыту, қалыптастыру және кәсіптік іс-әрекетке қосу төңірегінде   пiкiрталас алаңына айналатынына сенімдімін».

Сөз тізгінін алған басқа спикерлер де мазмұнды, салиқалы, салмақты пікірлерімен бөлісті.

Академиялық 50 минут аясында өткен Online-сұхбатты модератор Ләззат Усманқызы қорытындылады: «Құрметті спикерлер, уақыт таяп келеді,  салиқалы сұхбатқа, тұшымды да мазмұнды ой-пікірлеріңізге  алғысымыз шексіз. Дана халқымыз  «Кемеңгерге де кеңес керек» деген екен келелі кеңестеріңіз тыңдарманға ой салатынына, рухани азық боларына сенімдімін!  Ойшыл Шәкәрім қажының  «Бәріне қанағат қыл да, адал еңбек ет!» деген ұстанымын ту еткен  «Сырдария» университеті ел ағаларына амандық тілейді.  Адал қоғамда адал еңбек етіп,  өмір сүрейік. «Сырдария» университетінің  «Адалдық  алаңында»  қайта жүздескенше сау-саламат болыңыздар!

Барша отандастарды адалдыққа, парасаттылыққа, сабырға, байсалдылыққа және бірге болуға шақырамын!»

Оқиға категориялары