Алаш тағылымы

«Сырдария» университетінде 25.11.2021 күні Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздікке 30 жыл: жаңа цифрлық дәуірде – ұлттық дамудың ұтымды жүйесін нығайту» атты халықаралық форум аясында «Алаш идеясы және Тәуелсіздік: сабақтастығы мен тағылымы» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге Қырғыз Республикасы Сыртқы Істер министрлігі Дипломатиялық академиясының проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Курманов Зайнидин Карпекович, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Пасилов Баходир Абдуллаевич, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы Бәкір Әбдіжәлел Қошқарұлы, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының Бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Құдайбергенова Айжамал Ибрагимқызы және Жетісай қаласындағы мамандандырылған «Дарын мектеп-интернатының» аға оқытушысы, ғылым магистрі, үздік оқытушы Молдадосова Алтынай Қайыпқызы қатысты. Сондай-ақ, «Сырдария» университетінің профессор-оқытушылары мен студент-жастары қатысқан бұл іс-шараны университеттің «Отан және шетел тарихы» кафедрасы (жетекшісі т.ғ.к., доцент Апашева Сәбира) ұйымдастырды. Халықаралық дөңгелек үстелді модератор ретінде «Филология және гуманитарлық білім» факультетінің деканы, т.ғ.к., доцент Мейірбеков Мырзабай Балтабайұлы жүргізді.

Халықаралық дөңгелек үстелді ашқан модератор өзінің алғысөзінде тәуелсіздікке жету жолындағы Алаш қозғалысының тарихи маңызын, Алаш идеясының мәнін, оның жаңа заманға сай құбылып тарих сахнасына шығуын және тәуелсіздігімізді алумен алаш арыстарының арман-мұраты орындалғандығын қысқаша атап көрсетті. Қырғыз елінен қатысқан спикер З.К.Карпеков «Турар Рыскулов и Юсуп Абдрахманов: уроки дружбы и братства» деген тақырыпта баяндама жасады. Онда қазақтың біртуар ұлы, белгілі мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов пен қырғыз халқының қайраткері Жүсіп Абдрахманов арасындағы шынайы достық қарым-қатынас, жалпы қазақ пен қырғыз халықтарының тарихтың сын сағаттарында бір-біріне жасаған туысқандық көмегі сөз болды. Өзбекстандық тарихшы Б.А.Пасиловтың «Туркестанская автономия и Алаш» атты баяндамасында Түркістан автономиясының құрылуының тарихи маңызы, оның алаш қайраткерлерімен қарым-қатынасы және жалпы түркі бірлігі мәселелері айтылды. «Мұстафа Шоқай тәуелсіз ұлттық мемлекет туралы» атты баяндама жасаған Ә.Қ.Бәкір осы ұлы қайраткердің ұлт мүддесі мен түркі бірлігі жолындағы күресін баяндап берді. Спикер сонымен бірге тәуелсіздік туралы өз ойларын да ортаға салды. Профессор А.И.Құдайбергенова «Қазақстандағы ХХ ғ. 20-30 жж. ашаршылық пен босқыншылық тарихына жаңа көзқарас» деген тақырыпта баяндама жасап, онда өткен ғасырдағы тарихымыздың ең қасіретті беттерін, қолдан жасалған голощекиндік ашаршылық пен босқыншылық проблемаларын кең көлемде баяндап берді. Ал спикер А.Қ.Молдадосова қазіргі таңдағы орта мектептерде Алаш қозғалысы тарихының оқытылуын және оның жетістіктері мен кемшіліктерін сөз етті. Соңында «Отан және шетел тарихы» кафедрасының жас оқытушысы Нұрмахан Шынтаев ел тәуелсіздігі мен алаш арыстары жөнінде өз ойларын ортаға салды.           
      Мемлекеттілігіміздің қайта жаңғырып, еліміздің осындай бақытты күнге жетуіне Алаш арыстарының сіңірген еңбегі зор екендігін, елінің азаттығы мен болашағы үшін жан аямай күресіп, жандарын құрбан еткен Алаш қайраткерлерінің күресі Отан тарихының төрінен орын алатын, тарихи маңызы зор оқиға болып табылатындығын айтқан жүргізуші, Алаш арыстарының бойындағы мемлекетшілдік пен ұлттық рухы, отаншылдығы мен ұлтжандылығы, зор қажыр-қайраты мен күрескерлігі бүгінгі қазақ халқына, әсіресе жас ұрпаққа үлгі-өнеге болуы керектігін, Алаш тарихының тағылымы да осында екендігін айтып, парасатты байлам жасады. Осылайша өз мәресіне жеткен танымдық, тағылымдық бұл іс-шара оған қатысушылардың отаншылдық, ұлттық рухын көтеріп, оларға рухани ләззат сыйлады.
 

Теги: