Әуезді ән, жас таланттар: Тәшеневке арналған ерекше байқау

«Ән – халықтың жүрегі, жыр – халықтың тілі» – осындай шабытты сөздерді дәлелдеген жас өнерпаздар 25 ақпан күні Ж.А.Тәшенев атындағы университетте бас қосты. «ЖҰМАБЕК АХМЕТҰЛЫ ТӘШЕНЕВТЫҢ – 110 жылдығына» арналған «Әуеле, әуен» байқауы дарынды жастардың жұлдызын жағуға мүмкіндік сыйлады.
«Тәшенев тартуы» – үздік орындаушыларға
Бұл күні сахнада жүрек тербететін әуезді әндер мен күйлер шырқалды. Көптің көңілінен шыққан өнерпаздар әділқазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Байдібек ауданынан келген 11-сынып оқушысы Асил Рамазан Бекжасарұлы «Ақ бұлақ» әнімен, ал Шымкент қаласынан келген Әбдіразақ Ұлжалғас Орынбасарқызы халық әні «Самалтауды» ерекше тебіреніспен орындап, арнайы «Тәшенев тартуы» жүлдесін қанжығалады.
– «Бұл байқау – мен үшін үлкен шабыт. Әрбір нотамды халқымның жүрегіне жеткізгім келді», – дейді жеңімпаз Ұлжалғас.
Жас таланттардың жеңісі
Байқау қорытындысы бойынша үздік орындаушылар анықталды:
I орын: Исахұлы Мағжан («Талас» күйі) және Орынбек Абдулазиз Бегалыұлы («Молдабайдың әні»)
II орын: Кеңесбек Эльвира Досымжанқызы («Сүгірдің термесі»), Ләтіпбек Ақтілек («Отан ана»)
III орын: Өскенұлы Әлім («Тыңда»), Ақылбек Алтынай Ғабитқызы («Рахмет саған, туған ел»)
Жас дарындар ерекше дайындықпен келгенін байқауға қатысушылар да мойындады.
– «Бұл жеңіс – тек менікі емес, ұстазым мен ата-анамның еңбегі. Қазақ өнерін одан әрі дамыту – біздің парызымыз», – дейді жүлдегер Исахұлы Мағжан.
Әнмен өрілген алғыс
Сондай-ақ, бірқатар қатысушылар ерекше өнер көрсетіп, алғыс хаттармен марапатталды. Олардың қатарында Қалдыбек Сабина Мұратқызы, Исаметова Камила, Кубаева Сабина Абдурашидовна, Ахмет Іңкәр Мақсатқызы сынды дарынды жастар бар.
Бұл байқау – тек жарыс емес, болашақ өнер жұлдыздарын қолдауға арналған маңызды қадам. «Әуеле, әуен» арқылы қазақ әні мен күйін дәріптейтін жаңа таланттар жолға шықты!
 

Оқиға категориялары