Студенттер күні тойланды

Жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтілетін айтулы мерекенің бірі – Студенттер күні. Жастар бұл күнді асыға күтеді. Осыған орай биылғы жылдың мерекесі де өз ерекшелігімен орын алды. Оның себебі, жастар бұл мереке арқылы "Жан жылуы" бағдарламасының кейіпкері, көмекке мұқтаж жанның бірі 12 жасар Серік Жанеркеге жылулық сыйлады. Мерекелік кешке Ақбаян Сапарбайқызы Серік Жанеркемен бірге қатысып, іс-шараны бірге тамашалады. "Шын жүректен" қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.

Студент-жастарға арналған кешті "Назерке" би тобының арулары "Қазақ" биімен ашып, университеттің Оқу істері жөніндегі проректоры, т.ғ.к., доцент С.Д. Мамраимов, Тәрбие істері және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор, п.ғ.к., доцент Н.С. Тленчиева мерекелік құттықтауларын жеткізіп, оқу орнының іс-шараларына белсене қатысатын бір топ жастарды алғыс хатпен марапаттады.

Студенттер күніне арналған шара музыкалық білім мамандығының студенттері Д.Атақұлов, Ә.Тұрманова, Б.Бектас, М.Мустафулланың орындауындағы әндермен әрленіп, "Назеркенің" биіне ұласты. "Сыр сандық" жастар театрының "Мұқағали ізімен" сахналық қойылымы көрерменге поэзиялық ізбен жол тартып, "Сырдария жастарының" әзіл-қалжыңдары баршаға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Университет түлегі Әріпхан Нұрисламның орындауындағы "Сырдария" әнұраны Қазақстан студенттер сарайын әуеледі. Кеш соңында "Шын жүректен" қайырымдылығына жиналған қаражат Серік Назеркеге табыс етілді. Игі бастаманы қолға алған егемен еліміздің жастары Назеркенің жанына саулық тіледі.

Өнеге мен көрегенділіктің үлгісін көрсеткен жастардың қайырымдылық істері бұдан кейін де жалғасын табатынына кәміл сенімдіміз.

Теги: