Университет ректоры студенттермен кездесті

"Сырдария" университетінде 7 ақпан күні жылдағы үрдіс бойынша студенттер мен ректор арасында кездесу-жиналысы өтті. Мұндай жиналыстың мақсаты – барлық курс студенттерінің топ басшылары, бірінші курс студенттері және бітіруші түлектердің көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алу, түйіткілді мәселелердің түйінін табу болатын. Университет ректоры Серік Сансызбайұлы әуелі студенттерді жастар жылымен құттықтаудан бастады: "Баршаңызды 2019 – Жастар жылымен шын жүректен құттықтаймын! Қазіргі таңда жастарға көп жүк артылып жатыр. Осы жылы сіздерде жаңаша көзқарас, жаңа бағыт, жаңа идеяларға толы болатынына сенімім мол. Бұл тың жаңалықтар мен сарқылмас күш-жігерге жетелейтіні сөзсіз. Студент атанған жастардың ең басты мақсаты – сапалы білім алып, білікті де білімді маман болу. Ол үшін университетте барлық жағдай жасалған" – деді.

Жалпы, университет басшылығымен жиналыс барысында студенттер оқу ақысына, жатахана мәселесіне, компьютерлік орталықтар турасында сауалдар қойды. Студенттер тарапынан болған сұрақтарға да тұщымды жауап беріліп, ұсыныстар өз дәрежесінде ескерілді.