"Сырдария" университетінің Ғылыми кеңесі маңызды шешім қабылдады
- 1 view
№10 (598) 12.03.2021 жыл
«Сырдария» университеті – еліміздің оңтүстік қиырында, Өзбекстан мемлекетімен шекаралас жатқан шалғайдағы Мырзашөл өңірін өркениетті, мәдениетті аймаққа айналдырып отырған оқу ордасы.
Университет Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы: «Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды тұлғаларының есімдерін мақтан тұтады», - деген пікірін негізге ала отырып, өсіп келе жатқан жас ұрпақ біліп өсуге тиіс Туған өлке, оны түлеткен Тұлғаларды таныту, сондай-ақ қазіргі уақытта аймақтарда өсіп келе жатқан урбанизация процестері және елдегі тұрақтылықты сақтау үшін тың идея тудырып отыр.
Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Оның бәрін жастар, студент қауым білуі тиіс. Сондықтан университеттің Ғылыми кеңесі 2020 жылдың 24 ақпанында өткен кезекті мәжілісінде маңызды шешім қабылдады. Рухани жаңғыру кезеңінде ұрпақ үшін маңызды қадам жасап, Мырзашөл өңірін, «Ақ алтынды» аймақты түлеткен, әкімшілік басқару, білім, ғылым, еңбек саласында мақтан тұтатын, қайраткер, белгілі ел басқарған тұлғалар: Ибадулла Үмбетаев, Жұмагүл Сәіурбаева, Спақұл Малдыбеков, Омарбек Нұржановтардың есімдерін жаңғырту мақсатында оқу корпустарына есімдерін беріп, орталықтар ашу туралы ұсыныс жасады. Бұл ұсынысты Ғылыми кеңес мүшелері бірауыздан қолдады.
№7 Ғылыми кеңес мәжілісінің шешімі бойынша:
1.Университеттің №1 Бас оқу корпусы ҚР ҰҒА академигі Ибадулла Үмбетаев атындағы «Білім орталығы» деп аталсын.
Үмбетаев Ибадулла Изатуллаұлы - осы аймақты түлеткен, белгілі ел басқарған тұлға, ғалым, қайраткер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі. 1951 жылы 15 сәуірде ОҚО Мақтаарал ауданы Интернационал ауылында дүниеге келген.
Білімі: 1972 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын ғалым-агроном мамандығы бойынша бітірді. 1978 жылы Бүкілодақтық мақта шаруашылығы ҒЗИ-да аспирантурада оқыды. 1999 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет Академиясының курсын аяқтады.
Еңбек жолы: Еңбек жолын Бүкілодақтық мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу-институтының Мақтаарал мақта шаруашылығы тәжірибе станциясында бастаған. 1972 жылдың тамыз айынан 1979 жылдың сәуір айы аралығында – аға лаборант, ғылыми қызметкер, жалпы талдаулар лабораториясының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1979 жылдың сәуір айынан бастап Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас агрономы, Жетісай аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, Ленин атындағы кеңшардың директоры, 1987 жылдан Келес аудандық агроөнеркәсіптік бірлестігінің төрағасы, ҚР Мемлекеттік агроөнеркәсіп комитеті Шымкент облыстық агроөнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары қызметтерінде болды.
1992-1997 жылдары Жетісай аудандық әкімшілік басшысы, Жетісай ауданының әкімі қызметтерін атқарды. 1997 жылы Мақтаарал аудандық іріленген су шаруашылығы басқармасының бастығы, 1997-1999 жылдары ОҚО Мақтаарал ауданының әкімі қызметін атқарды. 1999 жылдан ҚР Білім және ғылым министрлігіне, 2002 жылдың маусым айынан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Мақтаарал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының директоры.
И.Үмбетаев жоғары ұйымдастырушылық қабілеті мен ғылым саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын белсенді атқарып, бас директор қызметінде де тынбай еңбек етті. Ол өзін сауатты, жоғары білікті маман, өндіріс ұйымдастырушысы ретінде көрсете білді.Үмбетаев Ибадулла республикамыздың мақта шаруашылығы, көкөніс-бақша және көп жылдық дақылдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеу бағдарламаларының ғылыми жетекшісі. І-дәрежелі А.И.Бараев атындағы сыйлық иегері.
2. №2 Оқу корпусы Социалистік Еңбек Ері Жұмагүл Сәуірбаева атындағы «Ғылым және мәдениет орталығы» деп аталсын.
Сәуірбаева Жұмагүл Қошуаққызы – Социалистік Еңбек Ері (1979), мақта өсіруші. Мырзашөлдің киелі топырағында 1945 жылы 24 наурызда шаруа отбасында дүниеге келген. Ол қарапайым жұмысшыдан қызметтің жоғары тұғырына дейін көтеріле білді. Өзінің тынымсыз ізденісі мен жанқиярлық еңбегінің арқасында аудан, облыс қана емес, Республикаға атақ-даңқы таралды. Ер азаматтармен қатар темір тұлпарды тізгіндеу нәзік жандылар үшін қаншалықты ауыр екекндігіне дес бермей, қайратты да, қажырлы еңбекқор Жұмагүл анамыз сол азаматтермен тізе қоса жүріп еліміздің, жеріміздің гүлденіп-өркендеуіне елеулі үлесін қосты.
Еңбек жолы: Еңбек жолын 1962 жылы «Қызыл Жұлдыз» колхозында тракторшы болып бастаған. 1965 жылдан КОКП мүшесі. 1967-1970 жылдары Жетісай ауданының «Жетісай» совхозында тракторшы. 1970 жылдан осы совхоздың комплексті мақташылар бригадасының бригадирі қызметтерін атқарды. 1971 жылы артта қалған бригадаға жетекшілік етіп, оны алдыңғы қатарға шығарды. Ол басқарған бригада егілген мақта алқабының әр га-нан 50 ц-ден шиітті мақта жинап, тұрақты жоғары көрсеткіштерге жетті. 1983 жылы мақта алқабының әр га-нан 58 ц-ден өнім алған.
Жетістігі: Ауыл шаруашылығының озаты. 10- сайлауда КСРО Жоғарғы Советінің депутаты болды. 2 рет Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Құрмет Белгісі» орденімен және Социалистік Еңбек Ері (1979) медальдарымен марапатталған.
Жұмагүл Қошуаққызы 1979 жылы шақырылған Кеңестер Одағы Жоғары Кеңесіне, ал 1986 жылы шақырылған Қазақстан Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланды.
3. №3 Оқу корпусы мен әкімшілік ғимараты ҚССР Жоғары Кеңесінің депутаты Спақұл Малдыбеков атындағы «Әкімшілік және өнер орталығы» деп аталсын.
Спақұл Малдыбеков – белгілі ел басқарған тұлға, ауыл шаруашылығының маманы. 10 желтоқсан 1928 жылы Ордабасы ауданы Ақбұлақ ауылында дүниеге келген. Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесінің депутаты. 20 жылдай Қызылқұм, Келес және Жетісай аудандарының партия комитеттеріне басшылық жасады. Созақ ауданында қаракөл қой шаруашылықтарын ұйымдастырып, оны өрге бастыруға көп үлес қосты.
«Республикаға еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері», Созақ, Сарыағаш, Жетісай аудандарының «Құрметті азаматы». Ленин, 3 рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, 8 медальмен марапатталған.
4. №4 Оқу корпусы Ел басқарған тұлға Омарбек Нұржанов атындағы «Білім орталығы» деп аталсын.
Омарбек Нұржанов – Түркістан облысының Мақтаарал ауданы, Мырзашөл өңіріне ерекше еңбегі сіңген, белгілі ел басқарған тұлға, Мақтаарал, Сарыағаш, Отырар аудандарының «Құрметті азаматы», «Құрмет» орденінің иегері, еңбек ардагері.
Еңбек жолын Мақталы кәсіптік-техникалық училищесінде мұғалім болып бастаған О.Нұржанов түрлі жылдары партия комитетінде жұмыс атқарды. Тәуелсіздік жылдары бірнеше рет совхоздың директоры болды. 1997 жылдан бастап іріленген Мақтаарал ауданының әкімі, 1999 жылы іріленген Сарыағаш ауданының әкімі қызметтерін абыроймен атқарды. Осылайша 2002 жылы қайтадан Мақтаарал ауданының әкімі болып, мақталы өлкені 6 жыл басқарды. Осы жылдары Мырзашөл өңірі гүлденіп, дамудың даңғыл жолына түскені белгілі.
Көшбасшылық қасиет – адам баласында сирек кездесетін қасиет. Омарбек Нұржановтың бойында бұл қасиет бала кезінен бар. Өзіне тапсырылған міндетті жауапкершілікпен және соңына дейін орындаудың арқасында үлкен жетістіктерге жетті. Сондай-ақ, ол кісінің адамдармен тіл табысуы, аудиторияны баурап алуы – көптеген әкімдерде кездесе бермейтін ерекше қабілет. Сондықтан болар, бүгінгі ел басқарып жүрген көптеген азаматтар Омарбек Нұржановты өзіне ұстаз санайды.
Елге қызмет етуді өзіне міндет санайтын тұлға одан кейін де қарап қалмады. Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшілігінің хатшысы, Мақтаарал аудандық мәслихатының депутаты, мәслихаттың хатшысы лауазымдары бойынша еңбек етті.
Мырзашөл өңірін, «Ақ алтынды» аймақты түлеткен, әкімшілік басқару, білім, ғылым, еңбек саласында мақтан тұтатын, қайраткер, белгілі ел басқарған тұлғалардың мол тәжірибесі, сарқылмас даналығы қоғамға пайдалы маңызды фактор болып табылады. Жастар тәрбиесіне, ұрпақтар сабақтастығына қосар үлесі мол.
Ғалым хатшы, филология ғылымдарының кандидаты, қауым.проф.м.а. Ләззат Абенова
Оқиға категориялары
►"Zan" деректер қоры ► Tilqural.kz ► Tilalemi.kz ► Balatili.kz ► Emle.kz ► Termincom.kz ► Sozdikqor.kz ► Qazcorpora.kz ► Qujat.kz ► Tilmedia.kz ► Atau.kz ► Abai.institute.
2021-2022 оқу жылында жүргізілген сауалнамалар
✅ Сауалнама «Білім алушылардың ЖОО-дағы ғылыми-зерттеу жұмыстарды ұйымдастыруға қанағаттануы»
✅ Сауалнама «ЖОО-дағы оқытушыларды ҒЗЖ тарту»
✅ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес»
✅ «ПОҚ-тың жоғарғы оқу орнына қанағаттануы»
✅ «Білім алушылардың білім беру нәтижелеріне қанағаттануы»
✅ «ЖОО білім алушыларының өздеріне көрсетілетін қолдау қызметтеріне қанағаттануы»
✅ «Оқытушы студент көзімен» сауалнамасы
✅ Жұмыс берушінің түлектердің дайындық сапасына қанағаттануы сауалнамасы
☑ Университетте жүргізілген анкеталық – сауалнама туралы мәлімет
Жаңа пікірді жазу