Күзетші университеттегі түнгі ұрлықтың алдын алды
- 1 view
Түнгі ұрлықтың алдын алған күзетші: «Мен тек өз жұмысымды атқардым»
Жұмабек Тәшенев атындағы университетте түнгі уақытта ұрлықтың алдын алған күзет қызметкерін салтанатты түрде марапаттады.
28 сәуірге қараған түні сағат 02:30 шамасында бетперде киген бесеу белгісіз тұлғалар университет мүлкін иемденуге әрекет жасаған. Алайда заманауи бейнебақылау жүйесінің арқасында, ғимаратта көзден таса аймақтардың болмауы оқиғаны бақылауда ұстауға мүмкіндік берді. Сол түні кезекшілікте болған «Group Security» күзет агенттігінің қызметкері Ануарбек Ахмирзаұлы Шаимов күмәнді қозғалысты байқап, жедел түрде полицияға хабарлаған.
Оқиға орнына дереу жеткен құқық қорғау органдары бес күдіктіні қылмыс үстінде қолға түсірді, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.
«Мен тек өзімнің қызметтік міндетімді атқардым. Ең бастысы – студенттер мен қызметкерлердің қауіпсіздігі», – дейді Ануарбек Ахмирзаұлы.
Бүгін университет ректоры күзет қызметкеріне алғысын білдіріп, Басқарма Төрағасының алғыс хатын және ақшалай сыйақыны табыстады.
«Ануарбек Ахмирзаұлының бұл әрекеті – нағыз кәсібилік пен жауапкершіліктің үлгісі. Мұндай азаматтармен бірге жұмыс істейтінімізді мақтан етеміз», – деді университет ректоры.
Университеттің акционері мен басшылығының бастамасымен күзет агенттігінің қызметкерін ынталандыру туралы шешім қабылданды, бұл – қырағылық пен адал еңбекке берілген баға.
Сонымен қатар, жұмысындағы жоғары көрсеткіштері мен үлгілі қызметі үшін университеттің оқу ғимаратының администраторы Бейсенова Оразкүл Дандыбайқызы да Басқарма Төрағасының алғыс хатына және қаржылай сыйақыға ие болды.
Құттықтаймыз!