«Сырдария» университетінде халықаралық форум өтті
- 1 view
► ADYRNA Ulttyk portaly: https://adyrna.kz/post/95634
«Сырдария» университетінің ұжымы еліміздің жоғары оқу орындары профессор-оқытушылары мен студенттеріне, Түркістан халқына Үндеу жолдап, Елбасы Н.Назарбаев анықтап берген «Елдіктің жеті тұғыры» мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген міндеттер мен іс-шараларды бірлесе атқаруға, Ұлы даланың жаңғыру мен жаңару жолындағы, жаңа кезеңіндегі биіктерін бірге бағындыруға шақырды. Үндеу Тәуелсіздікке 30 жыл: «Жаңа цифрлық дәуірде – ұлттық дамудың ұтымды жүйесін нығайту» тақырыбында өткен халықаралық форумда жасалды, деп хабарлайды «Егемен Қазақстан».
Жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты дамыту, кәсіби қоғамдастықты қалыптастыру, білім беру сапасын қамтамасыз ету мәселелері бойынша халықаралық диалогтық платформа құру мақсатындағы форумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында көтерілген бастамалар мен міндеттемелер негізге алына отырып, қоғамдағы өзекті мәселелер де талқыланды. Шетелдік және отандық ғалымдар бас қосқан форум жұмысын педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Оңалбай Аяшев алғы сөзбен ашты. Дөңгелек үстелді «Сырдария» университетінің президенті, даму ғылымдарының философия докторы (PhD), Кембридж университетінің түлегі Серік Оңалбайұлы жүргізіп отырды.
Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов форумға қатысушыларды құттықтау сөзінде «Сырдария» университеті еліміздің ең жоғарғы дәрежедегі оқу орны болып, өсе беруіне тілестестігін білдірді. «Ұлт үшін тәуелсіздіктен артық ешқандай құндылық жоқ. Әлі есімде, Мәскеуде оқып жүргенімде Менделеев атындағы химия-технологиялық институтында менімен бірге жатақханада вьетнамдықтар тұрды, көптеген басқа да шетелдің азаматтары оқыды. Олар: «Сендер, қазақ халқы қандай бақыттысыңдар! Сендердің Республикаларың бар, оның басшысы бар, бізде ол да жоқ, біз қолымызға қару алып 50 жыл бойы ел үшін, тәуелсіздік үшін күресіп келе жатырмыз» деген-ді.
ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшұлы көреген ғалым ретінде «Сырдария» университетін құрды. Біз 1991 жылдан бері бір-бірімізді жақсы білеміз. Мен 1991 жылы Қарағандыдан Түркістанға келдім, университет құрдық, алдымен, ол университет А.Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік университеті деп аталды, кейін оны алдымыздағы қиын заманды ойлап Түркиямен одақтасып, А.Ясауи атындағы ХҚТУ деп 2 жылдан соң қайта құрдық. 1996 жылы Жетісайда А.Ясауи атындағы ХҚТУ филиалын аштық. Сол кездегі Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Нәжімеден Есқалиев Өзбекстанда 1,5 млн қазақ халқы тұратынын, әрқайсысының тегі, аты-жөнін жазып дәлелдеді. Содан кейін маған келіп, қазақ мектептерінде Өзбекстанда мұғалімдер жетіспейтінін, Шымкент бөлімшесінің алыс және мұнда әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары көп, сондықтан да Жетісайдан педагогикалық мамандықтар дайындайтын бөлімше ашу қажеттігін айтты. Содан Жетісайға келіп университеттің бір бөлігін аштық, одан кейін 1998 жылы Оңалбай Аяшев қайтадан, мамандықтарды кеңейтіп, нағыз университетке айналдырды. Міне, содан бері «Сырдария» университеті өсіп, дамып, қалыптасып келе жатыр. Бүгінгі таңда жоғары деңгейде мамандар дайындайтын университет болып отыр. Осының бәрі Тәуелсіздіктің жемісі. Сондықтан да Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын, ол үшін біздің халқымыздың білімі де, ғылымы да жоғары, патриоттық сезімдегі жастары көп болуы керек. Біздің Тәуелсіздігімізді қорғайтын солар, сондықтан бұл университеттің маңызы зор. Мына шекарада Өзбекстанға жақын жерде орналасуының өзі де үлкен мәнге ие», деді Мұрат Жұрынов.
Ұлыбритания, Кембридж университетінің профессоры, PhD Сиддхарт Саксена да өзінің жүрекжарды пікірін жеткізді. «Сырдария» университеті мен Кэмбридж университеті арасындағы көп жылғы серіктестік әрі қарай жалғасын табатынына сенім білдірді.
«Осы 30 жыл ішінде Қазақстан Еуразиялық білім беру кеңістігіне кіргелі отандық ЖОО студенттері мен оқытушыларының және Кэмбридж университетінің студенттері мен оқытушыларының академиялық ұтқырлығы белсенді дамыды, бір-бірімізден көп нәрсе үйрене отырып, тәжірибе алмастық. Қазіргі таңда біз Еуразия кеңістігіндегі қарым-қатынастар дамуындағы жаңа кезеңді байқап отырмыз, осы сәтті сіздермен бірге атап өту мен үшін қуаныш және серіктестігіміздің әрі қарай қарқынды дамуына мүмкіндік береді деп ойлаймын. Аяшев мырза – жаhандану жағдайындағы білім берудің тиімділігін арттыру, нарықтық экономикаға көшу, институционалды басқару және білім беру қызметінің болашақтағы мүмкіндіктері мен мәселелерін болжай білген жан. Болашақ өскелең ұрпақты туындайтын қиындықтар мен қадамдарға қалай дайындаймыз? Әрине, бұл біздің алға қарай жылжуымызға дәнекер болмақ. Бұл – университеттің алға қойған мақсаты. Сандық технологиялар заманында бізге не қажет екенін ойлауымыз қажет. Екіжақты қарым-қатынастағы белсенділікті бірге жалғастыруымыз керек. Бұл қарым-қатынасты дамытуға қуана келісеміз, ал бұл кездесу – осы сәттің бастамасы. Болашақта әрі қарай жан жақты дамуларыңызға тілектеспін!», деді Сиддхарт Саксена.
Форумға қатысушыларды құттықтап, өз тілегін жеткізген Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректор, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлжан Сүгірбаева Тәуелсіздіктің 30 жылдығында мақтанышпен айтатын тарихи оқиғалар жеткілікті екенін атап өтті.
«Ең алдымен, тәуелсіз елдің барлық атрибуттары – ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік басқару және биліктің бүкіл тармақтарының өзара әрекет ету жүйесі бар ұлттық мемлекеттілік қалыптасты. Шекара айқындалып, шегенделді. Қазақстанда демократиялық институттар құрылды. Сөз бен баспасөз бостандығы, сайлау мен сайлану құқығы, партиялар мен қоғамдық бірлестіктер құру құқығы, дін бостандығы сияқты азаматтық қоғамның мызғымас құндылықтары конституциялық нормаға айналды. Ұлы даланың еркін өскен ұрпақтарының тарихи атамекені, тәуелсіз Қазақ елі тұрақтылық символына, ал елордамыз бүгінде халықаралық қатынастардың да, ынтымақ пен бірліктің де астанасына айналды. Еліміздің шын отаншылдарын, мемлекетшілдерін тәрбиелеуіміз қажет. Ол үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуымыз керек. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Елбасы Н.Назарбаев айтып өткендей: «Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді. Ұлт үшін ұлы есімдерді ардақтау – перзенттік парызымыз. Биыл қазақ мәдениетін жаңғыртуға үлкен үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, тарихшы, академик Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 90 жыл толып отыр. Бұл мерейтойдың Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуі және дәл бұл қос мерекенің «Сырдария» университетінде аталып өтілуінің ерекше мәні бар деп сенеміз», деді Г.Сүгірбаева.
Ұлыбритания, Саффолк университетінің профессоры, доктор Дабабрата Чоудхури да форум жұмысының маңызына тоқталды. Сондай-ақ форум барысында Сенат депутаты Айгүл Қапбарова, Мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Өнер және Петров академиясы ғылымдарының академигі, ЖБ ФМББМ Омбы филиалы «Халық өнері жоғары мектебі (академия)» директоры Қайыртай Әмірғазин тұщымды ойларымен бөлісті, университет басшылығы мен ұжымына және студент-жастарына толағай шығармашылық табыстар тіледі.
Қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысқан форумның бірінші күні «Сырдария» университетінің виртуалды залында «Тәуелсіз Қазақстан: заманауи білім әлеуеті мен жетістіктер» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан, Түркия Республикаларынан ғалымдар, ЖОО ректорлары қатысып, ғылыми баяндамалар жасады. Ғалымдар еліміз үшін Тәуелсіздіктің қадір-қасиетіне, мәні мен тарихи маңызы, қазақ халқының тәуелсіздікке жету жолындағы ерлік күресіне, бүгінгі ұлттық идея – «Мәңгілік ел» құндылықтары мен тағылымына тоқталып, еліміздегі қазіргі білім беру жүйесінің қалыптасуын, кезеңдері мен жетістіктерін жан-жақты талқылады. Ал секциялық жұмыстарда ғалымдар білім беру жүйесін жаңғырту және кадрларды даярлау, цифрландыру, еңбек нарығында тиімді экожүйені қалыптастыру мәселелерін, сондай-ақ іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүргізуде халықаралық тәжірибелерді қолданып студенттер мен профессор-оқытушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарға тарту, саяси жаңғырту және адам құқықтарын қорғау мәселелерін ортаға салды. Айта кетелік, конференцияға жалпы 183-тен астам мақала келіп түскен, оның ішінде Ұлыбритания, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да шетелдік жоғары оқу орындары бар.
Халықаралық форум өз жұмысын қызықты, мазмұнды, мағыналы ашық диалогтық платформада дөңгелек үстел, жарқын жүздесу отырыстармен жалғастырды. Екінші күні көрнекті мемлекет қайраткері, белгілі этнограф, ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлт қайраткері, ұлттық рухтың ұраншысы» атты вебинар өтті. Вебинарға елімізге белгілі қоғам қайраткері, ҰҒА академигі Мырзатай Жолдасбеков, п.ғ.д., профессор, ҰҒА академигі Оңалбай Аяшев, ф.ғ.д., профессор, сыншы, теоретик ғалым Құлбек Ергөбек, өзбекәлітанушы ғалым, т.ғ.к., доцент Баян Адырбек, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы қоғамдық қордың президенті Әзел Жәнібек және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы Берік Байболов қатысты.
Басқосу барысында қоғам қайраткерінің мәдениет, руханият саласына сіңірген ұшан-теңіз еңбегі мен толағай істері жөнінде естеліктер айтылып, баяндамалар оқылды, тың мәліметтер берілді. Әр заманда елдің тарихы мен мәдениетін жаңғыртатын, ұлттың бай мұрасын келешек ұрпаққа жеткізе білетін алып тұлғалар болады. Солардың бірі әрі бірегейі – қазақтың тау тұлғасы Өзбекәлі Жәнібеков. Баяндамашылар оның атақ-абырой қумағанын, кеңестік идеологияға қарамастан, Алаш зиялыларының ақталуына атсалысқанын атап өтті. Елдің Наурыз мейрамымен қайта қауышуына үлес қосты. Тайқазанды қайтарып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіру жұмыстарына бастамашы болды. Музей ашты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты. Ө.Жәнібеков туралы естелігінде М.Жолдасбеков: «Мені қасынан қалдырмайтын, ел аралап бірге жүрдік. Қазақтың ой-санасы туралы айтқанды жақсы көретін. Сөйлеп кетсе, кеудесі кеңсарай еді. Өзі тарихшы, этнограф болды. Бірталай кітаптар жазды. Жаны таза адам еді», деп Өзағамен бірге жұмыс істеген кездерін ерекше ықыласпен еске алды.
Сондай-ақ форум аясында өткен «Алаш идеясы және Тәуелсіздік: сабақтастығы мен тағылымы» атты халықаралық дөңгелек үстелге Қырғыз елінен қатысқан спикер З.Карпеков «Тұрар Рысқұлов және Юсуп Абдрахманов: достық пен бауырластық сабақтары» деген тақырыпта баяндама жасады. Онда қазақтың біртуар ұлы, белгілі мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов пен қырғыз халқының қайраткері Жүсіп Абдрахманов арасындағы шынайы достық қарым-қатынас, жалпы қазақ пен қырғыз халықтарының тарихтың сын сағаттарында бір-біріне жасаған туысқандық көмегі сөз болды.
Ал өзбекстандық тарихшы Б.Пасиловтың «Түркістан автономиясы және Алаш» атты баяндамасында Түркістан автономиясы құрылуының тарихи маңызы, оның Алаш қайраткерлерімен қарым-қатынасы және жалпы түркі бірлігі мәселелері айтылды. «Мұстафа Шоқай тәуелсіз ұлттық мемлекет туралы» атты баяндама жасаған Ә.Бәкір ұлы қайраткердің ұлт мүддесі мен түркі бірлігі жолындағы күресін баяндап берді. Спикер сонымен бірге тәуелсіздік туралы өз ойларын да ортаға салды. Профессор А.Құдайбергенова «Қазақстандағы ХХ ғ. 20-30 жылдардағы ашаршылық пен босқыншылық тарихына жаңа көзқарас» деген тақырыпта баяндама жасап, өткен ғасырдағы тарихымыздың ең қасіретті беттерін, қолдан жасалған голощекиндік ашаршылық пен босқыншылық проблемаларын кең көлемде баяндады. Ал спикер А.Молдадосова қазіргі таңдағы орта мектептерде Алаш қозғалысы тарихының оқытылуын және оның жетістіктері мен кемшіліктерін сөз етті.
«Цифрлы экономика және бизнес» тақырыбында өткен халықаралық дөңгелек үстел барысында да маңызды мәселелер көтерілді. Форумның үшінші күні жас ғалымдарға арналды. Бұл күні «Таланттар фабрикасы» атты дарынды жастардың республикалық жас суретшілер мен қолөнер шеберлері көрмесі ұйымдастырылды және ROBOSMART-2021 чемпионаты өтті. Өскелең ұрпақтың адамгершілік-патриоттық сезімдерін ояту, елін, жерін сүюге тәрбиелеу, студенттерді ұлттық құндылықтарға және мәдениетімізге баулу, өлкенің әсем табиғатын жанымен сезінетін жастардың шығармашылығын шыңдау, сондай-ақ жастардың IT сауаттылығын дамыту, әрі кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған көрмеге университет және аудан мектептері ұстаздары мен оқушылары қатысып, өз қолөнер бұйымдарын ұсынды. Ал ROBOSMART-2021 чемпионаты үш санат бойынша жүргізілді. «Кегелринг квадро», «Робсумо», «Шығармашылық» санаттары бойынша оқушылар бақ сынады. Отандық және шетелдік жас ғалымдар қатысқан Syrdariya Science Contest халықаралық жастар онлайн-слетінде де өте өзекті мәселелер көтерілді. Ал форумның төртінші күні тілші ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылым академиясының вице-президенті Кәрімбек Құрманалиев студенттермен кездесіп, тәлім-тәрбие берерлік кеңесін айтты. Ғалым, сонымен қатар жаңадан баспадан шыққан «Тіл және тұлға» атты ғылыми-танымдық портреттер кітабымен таныстырды. Кездесуге қатысушылар ғалымның осы еңбегі бойынша өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, ой-пікір алмасты.
Халықаралық форумды қорытындылаған «Сырдария» университетінің президенті Серік Оңалбайұлы алыс-жақын шетелдерден келген белгілі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдеріне шексіз ризашылығын білдірді. Университет ұжымы Қазақстан ЖОО профессор-оқытушылары мен студенттеріне, Түркістан халқына Үндеу жолдады. «Қасиетті Жиделібайсында, Мырзашөлдің төрінде, алтын алқапты мақтаның отаны Мақтааралда, жарты ғасырлық тарихы бар Жетісай қаласында орналасқан «Сырдария» университеті заманауи сұранысқа ие, бәсекелестікке қабілетті, жоғары білікті мамандар даярлауда. Бұл оқу ордасы – күнгейлік жастардың білім күмбезі. Университеттің небәрі ширек ғасырда жеткен жетістігі, білім жүйесіне еліміздің экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуына қосқан үлесі орасан. Біз қаладан шалғайда орналасқан елді мекендердің жастары мен Өзбекстан Республикасында тұрып жатқан қандас бауырларымызды білімге тартып ел болашағын дайындап жатқанымызды нық сеніммен айта аламыз, себебі біздің түлектеріміз мақталы аймақтың элитасын құрайды және еліміздің даму бағытының қалыптасуына атсалысады. Бұл біздің маңызды нәтижеміз. «Сырдария» университеті – Тәуелсіздіктің жемісі» делінген үндеуде.
Айта кетелік, «Сырдария» университетінің инфрақұрылымы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысандармен толықты. Тәуелсіздікке тарту ретінде форум аясында Syrdariya Sport балалар спорт кешені ашылды. Жоба құны 404 млн теңге, бір уақытта 160 адам жаттыға алады. Бизнестің «Жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан нысан құрылысы 2019 жылы қыркүйек айында басталды. Желтоқсанда толық қолданысқа берілмек. Арнайы спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысқан қоғам қайраткері, UWW Asia президенті Дәулет Тұрлыханов, университет ұжымы мен өңірдің барша тұрғынын айтулы оқиғамен құттықтап, жаңа нысанның жастарды тәрбиелеу және дене шынықтыру ісіндегі маңызын атап өтті. Заманауи құралдармен жабдықталған нысанда волейбол, футбол, бокс, күрес және өзге де спорт түрлерімен айналысуға, балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысып, шынығып, шымыр болуына бар жағдай жасалады. Университет алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және жаңа технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Осы ретте Жетісай қалалық Syrdariya мектеп-лицейі өз жұмысын бастағалы отыр. Мектеп-лицейде білім алу үшін барлық жағдай жасалады. Ағылшын тілінде физика-математика бағытында білім беретін мектеп-лицейі баланың жеке бас ерекшеліктерінің дамуына жол ашу, шығармашылық тұлға қалыптастыру, жаңа заманға бейімделген жасөспірімді, өз жұмысын шығармашылықпен ұйымдастыра білетін мұғалімдерді дайындау, жаңа типті мектептің үлгісін құру мақсатын алдына қойған. Бүгінде дарынды балаларды қолдау және дамыту мақсатында ашылатын мектеп-лицей заман талабына сай жабдықталуда.
Оқиға категориялары
?"Zan" деректер қоры ? Tilqural.kz ? Tilalemi.kz ? Balatili.kz ? Emle.kz ? Termincom.kz ? Sozdikqor.kz ? Qazcorpora.kz ? Qujat.kz ? Tilmedia.kz ? Atau.kz ? Abai.institute.
2021-2022 оқу жылында жүргізілген сауалнамалар
✅ Сауалнама «Білім алушылардың ЖОО-дағы ғылыми-зерттеу жұмыстарды ұйымдастыруға қанағаттануы»
✅ Сауалнама «ЖОО-дағы оқытушыларды ҒЗЖ тарту»
✅ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес»
✅ «ПОҚ-тың жоғарғы оқу орнына қанағаттануы»
✅ «Білім алушылардың білім беру нәтижелеріне қанағаттануы»
✅ «ЖОО білім алушыларының өздеріне көрсетілетін қолдау қызметтеріне қанағаттануы»
✅ «Оқытушы студент көзімен» сауалнамасы
✅ Жұмыс берушінің түлектердің дайындық сапасына қанағаттануы сауалнамасы
☑ Университетте жүргізілген анкеталық – сауалнама туралы мәлімет
Жаңа пікірді жазу