Саясаттану пәнінен өткен сайыс

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының негізгі идеяларын студенттер арасында насихаттау және "Сырдария" университетінің 20 жылдық мерейтойына орай "Саясаттану пәнінің лидерлері" атты факультетаралық зияткерлік сайысы өтті. "Отан және шетел тарихы" кафедарасының аға оқытушысы, ғылым магистрі А.Азизбекова ұйымдастырған зияткерлік сайыста факультет студенттерінен құралған топтар 6 кезеңнің тапсырмасын орындады. Сайысқа түсетін білім алушылардың білімін бағалап, жеңімпаздарды анықтауда "Жаратылыстану және математика" факультетінің деканы, PhD доктор П.Абдуразова, "Гуманитарлық білім" факультетінің деканы, аға оқытушы, доцент К.Исаева әділ бағаларын берді.

"Саясаттану пәнінің лидерлері" атты сайыс алдымен әр факультет ішінде ұйымдастырылды. Әр факультеттен лидер атанған студенттер факультетаралық сайысқа қатысуға жолдама алды. Бұл сайысты өткізу идеясы пікірталасқа түсіп, өз пікірлерін дәлелдеп қорғағылары келген студенттерден туындады. Ал мен олардың бұл пікірлерін әрі қарай кеңейтіп, олардың шығармашылық ізденістеріне бағыт-бағдар беруді жөн санадым. Студенттер бұл сайысты өткізуде қызығушылықтары мен белсенділіктерін танытты. Ол студенттер: "Есептеу техникасы мен бағдарламалық қамтамасыз ету" мамандығының студенті Орынбасар Баймахан мен "Биология" мамандығының студенті Нармұратов Бабамұрат. Болашақтарынан зор үміт күттіретін оқудағы үздік бұл екі студент сайысты ұйымдастырып өткізудегі менің көмекшілерім болды. Білім бәйгесіне қызығушылық танытып қатысқан әрбір топ студентіне алғыс білдіре отырып сайыстың өткізілуіне белсене атсалысқан бұл екі студентке де жеке алғысымды білдіргім келеді.

Ал осы сынды білім бәйгелерінің студент жастарға беретін тәрбиелік мәніне келер болсақ, ең алдымен олардың саяси әлеуметтенген тұлға болып қалыптасуына зор ықпал етеді, олардың саяси сауатты, белгілі бір саяси ұстаным мен көзқарас иесі ретінде дамып жетілулеріне, сол арқылы өз құқықтары мен пікірлерін қоғам алдында ашық айтып жеткізуге үйретеді. Сол себепті студенттер үшін білім бәйгелерінің көптеп өткізілгені олардың болашақ маман ретінде шыңдалып қалыптасуына жол ашады", - деп атап өтті сайыс соңында А.Азизбекова.

Сайыс барысында студенттер саясаттау пәнінен семестр бойында жинаған білімдеріне сай берілген сұрақтарға мүдірместен жауаптарын беріп, тиісті балдарын қоржындарына жинады. Оларға саясаттану ғылымы бойынша теориялық сұрақтармен қатар қазіргі таңдағы саясат пен халықаралық саясат жайлы, қоғам қайраткерлері мен саясаткерлері, олардың идеялары мен көзқарастары жайлы түрлі сұрақтар қойылды. Сайыс өте қызықты әрі тартысты өтті.

Жалпы бес топ қатысқан сайыс нәтижесі қазылар алқасының төмендегі шешімімен анықталды.

І орын "Гуманитарлық білім" факультеті;

ІІ орын "Жаратылыстану және математика" факультетінің химия -биология бағытынан құралған топ;

ІІІ орын "Дене шынықтыру және спорт" факультеті.

Ал қалған екі топ студенттері сайысқа белсене қатысқандары үшін арнайы алғыс хаттарымен, сондай-ақ арнайы алғыс хатпен сайыстың ұйымдастырылып өткізілуіне белсене атсалысқандары үшін "Жаратылыстану және математика" факультетінің студенттері Орынбасар Баймахан мен Нармұратов Бабамұрат марапатталды.

Оқиға категориялары