31 мамыр – саяси қуғын–сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні

Ел тарихындағы осынау бір зобалаң жылдар таңбасымен қалған ашаршылыққа 89 жыл, қуғын-сүргіннің етек алғанына 84 жыл толды.

Осыған орай «Сырдария» университеті мен Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен ұйымдастыруымен ауқымды шара болып өтті. Қатысушылар бір минуттық үнсіздікпен басталған шарада тарих саласының мамандары ел басына қара бұлт боп төнген сол бір қайғылы жылдардың ауыр зардаптары туралы кеңінен баяндады. Арнайы бейнефильмдер көрсетіліп, тағылымдық әңгімелер айтылды.

ХХ ғасырдың басындағы күштеп ұжымдастырудың салдарынан болған қолдан жасалған ашаршылықта 2 миллионнан астам қазақ аштан қырылса, 1 миллионға жуық қандасымыз атажұртты тастап өзге елде бас сауғалады. Ал, елінің бас көтерер азаматтарына «ұлтшыл» деген айып тағылып, «халық жаулары» атанды. «Саяси қуғын-сүргін құрбандарының жарлары да, отбасылары мен туыстары да ауыр жазаға ұшырады. Бұның бәрі де қылышынан қам тамған Кеңестік дәуірдегі солақай саясаттың кесірінен орын алды. Сондықтан да «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының басына түскен нәубетті келер ұрпақ қайталамауы тиіс, тура жолға бағыт алу үшін өткен күннің қаралы беттерінен сабақ, тарихтан тағлым алуымыз керек, жастарды бірлікке, патриоттық сезімге тәрбилеп, еркіндіктің қадірін терең түсіндіре білуіміз керек» деді аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Құрманбек Рысмаханов.

Ал, Сталиндік террорлық саясаттың салдарынан 101 мың қазақстандық ГУЛАГ-қа жабылып, 27 мыңы атылып кете барса, бүгінгі таңда сол «халық жауларының» 40 мыңы ғана ақталды.

Бүгінгі ұрпақ Тәуелсіздігімізге тәу етіп оның қадірін, бүгінгі күннің қадірін түсініп, болашақта еш уақытта бұл азап қайталанбасын деп тілейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» деді Мырзабай Мейірбеков.
 

Теги: