АЛАШ ИДЕЯСЫ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК: САБАҚТАСТЫҒЫ МЕН ТАҒЫЛЫМЫ

Еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып, енді төртінші онжылдыққа қадам басқалы отырған  айтулы кезеңде, халқымыздың осы ұлы арманы мен мұраты болған тәуелсіздік жолындағы ұлы күрестерінен тағылым алып, елдік пен ұлттық бірлікті нығайта түсуіміздің маңызы зор. Тарихымыздағы сондай тәуелсіздік жолындағы күрестердің бірі де берегейі – Алаш қозғалысы болып табылады.  Алаш қозғалысының алдыңғы ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы ұлт-азаттық күрестерінен айырмашылығы, бұлардың күрес тәсілі өзгеше болды, алаштықтар қарулы күрес емес, жаңа заманға сай, саяси күрес жолын таңдап алды. Басқаша айтсақ, олар ХХ ғасырда күш білекте емес, білімде екенін ұғынып, қолға қылыш емес, қалам алып күреске шықты. Қараңғыда ұйықтап жатқан қазаққа «Оян, қазақ!» деп ұран тастап, оны оқу-білімге шақырып, халықтың ұлттық рухын, ұлттық санасын оятумен бірге, өздері де ұлттық мүддені ту ғып ұстап, Алаш партиясын, Алаш мемлекеттігін және Алашорда үкіметін құрып саяси күрес аренасына жарқырай шыққан алаш қайраткерлерінің күрескерлігі – бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып, одан тағылым алуы тиіс. 

Алаш идеясы – қазақтың мемлекеттік, елдің ұлттық идеясы еді. ХҮ ғасырда өзге түркі бауырларынан енші алып, ежелгі түркілердің қара шаңырағы – бүгінгі қазақ жерінде «қазақ» деген жеке ел атанып, өзінің ұлттық мемлекеті – Қазақ Ордасын құрғанда, осы елдің басын бір тудың астына біріктірген ұлттық идеясы – «Алаш» болатын. Өзінің бастауын түркі-қыпшақ заманынан (ІХ-Х ғғ.) алатын бұл атау жаңа қалыптасқан жас ұлттың ұранына айналды. Алаш – тұтас ұлттың әруағы, ұлттық рухының қайнары еді. Міне, сол ұлттың рухына айналған Алаш идеясының ХХ ғасырдың басында қайта оянып, жаңа заманға сай құбылып, тарих сахнасына шығуы – тарихи заңдылық әрі қажеттілік болатын. Өйткені, әбден Ресей империясының езгісіне түсіп, сағы сынып рухы қайтқан, қараңғыда ұйықтап жатқан қазақты ояту, оның баяғы пассионарлық рухын қайта тірілту керек еді. Ал ұлтты оятатын, оның жадына, қанына сіңген идея – Алаш идеясы болатын. Төменнен халықты оятып қана қоймай, өздері де саяси күрес аренасына шыққан алаш қайраткерлерінің сол кездегі басты арманы – қазақ елін отарлық езгіден азат етіп, автономиялық ұлттық мемлекет құру арқылы болашақта толық тәуелсіздікке қол жеткізіп, бүгінгідей тәуелсіз Қазақ мемлекетін құру болатын. Демек, Алаш идеясы бүгінде толық жүзеге асты, алаш арыстарының аңсаған арманы орындалды деп айта аламыз. Бүгінгі тәуелсіздігімізге қол жеткізуімізде, тәуелсіз қазақ мемлекетін құру жолында алаш қайраткерлерінің ұлы күресінің өшпес ізі жатыр. 

Сонымен, Алаш идеясы, Алаш арыстарының ұлы арманы бүгінде жүзеге асты: талай тар жол, тайғақ кешулерді басынан кешірген қазақ елі осыдан 30 жыл бұрын ғана өзінің мемлекеттік тәуелсіздігіне қол жеткізді. Көк байрағы көк жүзінде желбіреген тәуелсіз елімізді бүгінде бүкіл әлем мойындап отыр. Мемлекеттілігіміздің қайта жаңғырып, еліміздің осындай бақытты күнге жетуіне Алаш арыстарының да сіңірген еңбегі зор. Адамзат баласының ең асыл құндылығы – Тәуелсіздік десек, ендеше елінің азаттығы мен болашағы үшін жан аямай күресіп, жандарын құрбан еткен Алаш қайраткерлерінің күресі Отан тарихының төрінен орын алатын, тарихи маңызы зор оқиға болып табылады. Алаш арыстарының бойындағы мемлекетшілдік пен ұлттық рухы, отаншылдығы мен ұлтжандылығы, зор қажыр-қайраты мен күрескерлігі бүгінгі қазақ халқына, әсіресе жас ұрпаққа үлгі-өнеге болуы керек. Алаш тарихының тағылымы осында.
 
Мырзабай МЕЙІРБЕКОВ
«Филология және гуманитарлық білім» факультетінің деканы, тарих ғылымдарының  кандидаты, «Сырдария» университетінің доценті

 

Оқиға категориялары