Tashenev university алғашқы түлектері диплом алды

Бұл 25 жылдық тарихы бар Жетісай қаласындағы бұрынғы Сырдария университетінің түлектері. Бірақ үшінші мегаполиске бір жыл бұрын ғана көшіп келіп, атауын Ж.А.Тәшенев атындағы университеті деп өзгерткен. Tashenev University алғашқы түлегі деп отырғанымыз да сондықтан.
Шымкент қаласындағы жастар орталығында өткен салтанатты жиынға Түркістан облысы мен Шымкент қаласының депутаттары, зиялы қауым өкілдері бастаған бір топ қонақтар қатысты. Олардың қатарында Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Нұралы Әбішев, Түркістан облыстық және Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағалары Жеңісбек Мәуленқұлов пен Кенжехан Төлебаев, «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Абай Балажан, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай, «Шымкент келбеті» газетінің бас редакторы Бақтияр Тайжан, «Отырар» кітапханасының директоры Анар Жаппарқұлова мен «Айғақ» газеті мен телеарнасының директоры Дулат Әбіш бар.
Алғашқы сөзді алған оқу орнының негізін қалаушы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшев мамандық иесі атанып, жаңа өмірге қадам басқалы тұрған бітірушілерге ақ жол тіледі.
-- Биыл Тәшенев университетінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Біз дәл қазір әлемнің дамыған Ұлыбритания, Бельгия, Греция, Израиль және Солтүстік Македония секілді мемлекеттерінде орналасқан озық оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, «қос дипломдық» бағдарлама түзудеміз. Бұйыртса, студенттеріміздің бір мезгілде екі бірдей дипломға ие болуына зор мүмкіндік туғалы тұр. Көп тіл білсеңіздер, сіздер үшін барлық мемлекеттің есігі ашық болады. Осыны ұмытпаңыздар. Балалық жасап, уақытта бос өткізіп алмаңыздар. Ал бүгінгі маман иелеріне жолдары ашық болып, алған білімдерінің жемісін көруді тілейміз, -- деді Оңалбай Аяшұлы. Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Нұралы Әбішов оқу орнында студенттерге білім берумен қатар ғылыми және қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген профессор-оқытушыларды Алғыс хатпен марапаттады. 
Марапатталушылардың қатарында университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры П. Байнеева мен оқу орнының қалыптасуына ерекше үлес қосып жүрген жандар бар.
Болашаққа жолдама алып жатқан 863 түлектің 25-і қызыл диплом иегері. Салтанатты жиында осынау үздік бітірушілерге диплом беріліп қана қоймай, басшылық тарапынан Алғыс хат та тапсырылды.