МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ЖОЛДАУЫ - ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАСТАУЫ

Қазіргі таңдағы ең басты жаңалық - Мемлекет басшысының Жолдауы. Жолдау барша халықтың жүрегінен айрықша орын алып отыр. 
Неге? 
Себебі, біз осы күнге дейін, болашаққа сеніп өмір сүрдік, бар жақсылықты ертеңнен күттік. Ал, Президентіміздің: «Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын», - деген сөзі бойымызға ерекше қуат, жігер, сенімділік сыйлады. 
Жолдауда құнды, бірқатар игі бастамалар мен тың өзгерістер айтылды. Жаңа облыстардың бой көтеруі, «Суперпрезиденттіктен» бірте-бірте арылу. Парламенттің рөлін арттыру, мәжіліске заң қабылдау құқын беру, бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы, тағысын тағылар. 
Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауында айтылған ең басты мәселе – Президенттің өкілеттіліктерін азайтып, оның билігін шектеу жайы. Бұл шешім - Қасым-Жомарт Кемелұлының мемлекеттің мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін тұлға, саяси қайраткер екендігін дәлелдеді. Егер, бар билік бір адамның қолында болса, қандай жағдайға әкелетінін өмір, тарих, қаңтардағы қырғын, халықтың мүшкіл халі көрсетіп отыр. Демек, Президент билігі шектеліп, оның өкілеттіліктері қысқарады, есесіне, мәжілістің құзіреті артып, оған үлкен жауапкершілік жүктеледі.
Келесі бір көңіл аударарлық мәселе - Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына ұлттық Құрылтайдың шақырылуы. Бұл - ата-бабамыздан келе жатқан түрлі түйіткілді мәселелерді шешетін тарихи мәні жоғары басқосу. Қазіргі таңда мұндай Құрылтай керек-ақ...
Сонымен бірге, жұрттың ерекше назар аударып, сөз етіп жатқаны - Абай, Жетісу, және Ұлытау облыстарының құрылатындығы. 
 Ұлы ақын Абай мен Қапшағай қаласына тегін беру сөз болған кемеңгер Дінмұхамед Қонаев аталарымыздың рухы шаттанып, мәртебесі бұрынғыдан да биіктей түскен болар. Сарыарқадағы бауырлардың да қуанышында шек жоқ. Бұрынғы Жезқазған облысы аумағынан қайтадан облыс ашылып, ұлт ұясы - Ұлытау атын иеленбек. 
Ал біздің алдымызда тұрған басты міндет – салауатты, саналы, білімді, ақыл-парасаты мол және ғылыми-мәдени өрісі кең ұрпақ тәрбиелеу. Шет аймақтарды білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету. Осы бағытта «Сырдария» университетіне зор міндет жүктеліп отыр.
Сондықтан да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған басты мәселелермен бірге интеллектуалды ұрпақ қалыптастыру бойынша берген тапсырмасын жұмыла абыроймен атқарамыз деген сенімдемін! 
Ең бастысы – ел іргесі аман, жұртымыз тыныш болсын! 
 

Ғалым хатшы Ләззат Абенова
 

Оқиға категориялары