Әріптестік жалғасын табады

Университетімізде өтіп жатқан «Ашық есік» күні және Ғылыми апталық аясында Шымкент қаласындағы жалпы білім беретін оқу орындарының басшылары келді. Олар үшінші мегаполисте жұмысын жаңа оқу жылында бастаған жаңашыл оқу орнымыздың әлеуетімен, тыныс-тіршілігімен, оқу процесімен танысты. 
Tashenev University негізін қалаушы Оңалбай Аяшев мектеп басшыларымен жүздесіп, оқу орнының құрылу тарихы, білім беру бағдарламалары, оқытушы-профессорлар құрамы жөнінде кең мағлұмат берді. Өңірдегі өзге оқу орындарынан ерекшеліктеріне, студенттердің жай-күйіне тоқталды. 
Қос дипломды білім беру бойынша шетелдік әріптестермен бірлескен келісім шарттардың түзілгенін жеткізді. «Қос дипломды бағдарлама аясында Америка Құрама Штатындағы, көршілес мемлекеттердегі оқу орындарымен серіктестік орнатқанбыз. Бұл бағдарламалар студенттерге екі бөлек диплом алуға мүмкіндік береді. Біреуі біздің университет және бір серіктес университет. Екі жоғары оқу орнының дипломын алған студенттердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктері артады, оларға Қазақстанда да, шетелде де жақсы жұмыстар ұсынады»,--деді Оңалбай Аяшұлы. 
Сонымен бірге, мектептер мен жоғары оқу орындарының өзара әріптестігі арқылы ғана білім берудің жоғары сапасына жетуге болатыны айтылып, білікті мамандарды даярлау барысында әріптестік байланысты үзбей өзара ықпалдастықты дамыту шаралары сөз болды. 
Сондай-ақ, университеттің ғалымдары мектеп мұғалімдері мен оқушыларына ғылыми кеңес беру, жетекшілік жасау мәселелері де қарастырылды. 
Айта кетейік, мұнда бакалавриат бойынша 34, магистратура бойынша 6 мамандықты игеріп шығу қарастырылған.
 

Оқиға категориялары