Тәшеневті бейнеледі...

«Технология және дизайн» факультетіндегі «Көркем еңбек және сызу мұғалімдерін даярлау» мамандығы бойынша білім алып жүрген 3-курстың студенті Бағлан Жұманов университет мақтаныштарының бірі.
Сурет салудың шебері Бағлан жуырда оқу ордамыздың есімін еншілеген тау тұлғалы Жұмабек Тәшеневтің портретін бейнеледі. Өзінің шығармашылығын бояумен емес, қара қаламмен өрнектейтін Бағланның бұдан басқа да талай өнер туындысы бар. Негізінен кино кейіпкерлерін салуға қызығатын ол фантастика жанрына әуес. «Кино көріп отырып, сондағы бейнені салуға қызығушылығым артады. Үйге келген соң ғаламтордан соның бейнесін тауып алып саламын» дейді ол. 
Сурет салуға бала күнінен қызығатын Бағлан Мұратұлының бойындағы қасиет әкесінен дарыса керек. Кішкентай бауырлары да осы өнерге бейім. Көркем сурет пен сызу екі бөлек дүние. Біріне математикалық есеп, екіншісіне шығармашылық қабілет керек. Бағланның бойында осы екеуі де бар. Кейде медициналық мамандықта оқитын студенттерден тапсырыс алып, олардың сызуын сызып береді. Оқытушылары мұның сызуынан мін таппайды екен. Универсиетіміздің студенті мектепте оқып жүргенде Жетісайдағы 40 шақты мектеп оқушылары қатысқан сайыста бірінші орынды алған. Көлдің жағасында отырып, суретті сол жерде салып беріпті. Ол одан бөлек, өткен жылдың күзінде «AUTUMN FEST-2022» атты балалар мен ересектерге арналған халықаралық шығармашылық онлайн-байқауының 1-орын жеңімпазы атанған. Кафедра оқытушысы Ұлданай Сапарбаеваның жетекшілігімен бейнелеу өнерінен бағын сынап жүрген Бағлан жақында тағы бір байқауға жұмысын жіберді. Бұйырса, Tashenev University қабырғасынан түлеп ұшқанша талай биіктерден көрінетініне сеніміміз мол.
 

Оқиға категориялары