Халықаралық ынтымақтастық кеңістігі жалғасуда!

Күні кеше Өзбекстан Республикасы Наманган мемлекеттік университетінде ұлы ақын Усман Насырдың туғанына 110 жыл толуына орай «Қазіргі өзбек әдебиетінің дамуындағы Усман Насырдың шығармашылық мұрасының орны мен маңызы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция Өзбекстаннан, Түркиядан, Тәжікстаннан келген профессор-оқытушылар мен Қазақстан ғалымдарының қатысуымен мазмұнды ұйымдастырылды.
Бағдарламаға қатысқан барлық спикерлер: Түркиядан қатысқан Кемал Явуз Атаман, Хайрулла Хамидов, Тәжікстаннан Абдусамад Ермухамедов, Бахтиёр Файзуллоевтар, сондай-ақ қазақстандық ғалым-шайырлар өзбектің ұлы ақыны Усман Насырдың өмірі мен шығармашылығының нәзік тұстарына тоқталды. Найзағайдай қысқа, бірақ бай ғұмыр кешкен ақындың көркемдік-философиялық толғаулары оқушыларымыздың ана тілінің шырайлылығын, ұлттық болмыс пен патриоттық сезімін, сөз сиқыры мен жауапкершілікті тереңірек сезіне алатындары туралы пікірлер білдірілді. Әсіресе, білікті журналист, сөз шебері, ғалым Хулкар Хамроеваның Усман Насыр шығармашылығының маңызы, оны тереңірек зерттеу туралы айтқан жалынды пікірлері жиналғандардың қошеметіне бөленді.
Қазақстандағы өзбек тілінде оқытатын жалпы білім беретін мектептердің 7-8-сынып оқулықтарына енген ұлы ақындың әдеби мұрасын қазақстандық оқушылар да қызығушылықпен оқып жатқанын айтып, Қазақстан тәжірибесімен бөлістім.
Конференцияның практикалық бөлімі Өзбекстан мен Қазақстан өнерпаздары оқыған ақын шығармаларының үлгілерімен, ақынға арналған арнауларымен ғана емес, сонымен қатар, бүкіл зал қошеметпен қарсы алған Наманган мемлекеттік университетінің Студенттік театры сахналаған «Усман Насыр» драмасы да жоғары шеберлікпен орындалып, өте үлкен әсер қалдырып, көрермендерді елең еткізді.
Сонымен қатар, Жұмабек Тәшенев атындағы университет пен Наманган мемлекеттік университеті арасындағы ынтымақтастық туралы келісім-шартқа қол қойылуы екі ел мен халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты, ғылыми, академиялық ұтқырлықты, әдістемелік, білім беру, мәдени байланыстарды жандандыруға қызмет ететіні сөзсіз! Ынтымақтастық жалғаса берсін!
Осындай мазмұнды да нәтижелі ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырушыларына үлкен алғысымызды білдіреміз!


Шахло Наралиева
Жұмабек Тәшенев атындағы университет
Халықаралық қатынастар және шетел студенттерімен жұмыс атқару департаментінің директоры