Мемлекетсіз емес, мемлекетшіл халықтың ұрпағымыз

Shymkent kelbeti, қоғамдық-саяси газет

Сілтеме: https://shymkala.kz/index.php/world/item/8136-myrzabaj-mejirbekov-tarikh-ylymdaryny-kandidaty-memleketsiz-emes-memleketshil-khaly-ty-rpa-ymyz


 

Мырзабай МЕЙІРБЕКОВ, тарих ғылымдарының кандидаты: МЕМЛЕКЕТСІЗ ЕМЕС, МЕМЛЕКЕТШІЛ ХАЛЫҚТЫҢ ҰРПАҒЫМЫЗ
— Мырзабай Балтабайұлы, өркениетті мемлекет болу жолында елімізді біріктіріп, қоғамды топтастырып, дамуға негіз болатын ғылымның бірі – Отан тарихы. Дегенмен, кешегі кеңестік дәуірде төл тарихымыз өз елімізде өгей баланың күйін кешті емес пе?
— Дұрыс айтасыз, коммунистік идеология, марксизм-ленинизм қағидалары үстемдік еткен кешегі кеңестік кезеңде төл тарихымыз тар таптық мүдде, еуроцентрлік, ресейцентрлік көзқараспен бұрмаланып жазылды. Ал ұлттық мүдде, өркениеттік көзқарастар ұмыт қалды. Тарих өзінің обьективтік мәнінен айрылып, нағыз идеологиялық құралға айналды. Мәселен, қазақ халқы революцияға дейін тек малдың соңынан көшіп-қонып жүрген, жабайы, өркениетсіз халықтардың қатарына жатқызылып келді. Ол кезде «қазақ өркениеті» деген сөзді айтудың өзі мүмкін емес еді. Өркениеттің басты белгілері – мемлекет, жазу және архитектура десек, қазақтар оның бәрінен мақұрым қалған халық ретінде қаралды. «Қазақта мемлекет болмағандығын» орыстың көрнекті тұлғалары (Солженыцин, Жириновский, Никонов, т.б.) үнемі айтып келеді. Тіпті 2015 жылы бұл сөз Ресей Президентінің өзінің аузынан шықты. Сондықтан Елбасы Н.Назарбаев 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын бүкіл әлемге паш етіп атап өтуінде үлкен саясат жатыр деп ойлаймын.
Шындығында қазақ мемлекеттігінің бастауы сонау біздің заманымыздан бұрынғы ІІІ ғасырдан (Үйсін, Қаңлы, Ғұн мемлекеттері) басталатыны белгілі. Тіпті, соңғы уақытта тарихшы ғалымдар біздің түпкі бабаларымыз – сақтардың өзінде біздің заманымыздан бұрынғы VІІІ-VІІ ғасырларда мемлекет болғандығын дәлелдеп жатыр. Ал, біздің заманымыздың VІ ғасырында тіпті сонау Сары теңізден Қара теңізге дейінгі ұлан-ғайыр аумақта Ұлы Түрік қағанаты атты алып держава құрды бабаларымыз. Салыстыра кетейік, орыс мемлекетінің анасы – Киев Русінің құрылуы тек ІХ ғасырдың ортасына жатады (862 ж.). Сондықтан біз бұрын айтылғандай, мемлекетсіз емес, мемлекетшіл халықтың ұрпағымыз.
Өркениеттің екінші белгісі – жазу бізде сонау сақ дәуірінен (б.з.б. Ү ғ. Есік обасындағы жазу) басталып, түркі дәуірінде одан әрі дамытылды. Бұл —түркілердің төл жазуы. Өркениеттің үшінші белгісі – архитектура, қалалық мәдениет қазақ даласында
VІ-ХІІІ ғасыр басында керемет гүлденіп дамыды. Қазақ даласында Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың тұрғындарының үлесі бүкіл халықтың 20 пайызына жеткен екен. Ал, дәл осы кезде Еуропада қала халқы 12 пайыз ғана болған. Демек, адамзат өркениетіне өзінің лайықты үлесін қосқан қазақ өркениеті бар деп сеніммен айтуға болады. Қазақ өркениеті – бірыңғай дала емес, ол қала мен дала мәдениетінің синтезі. Міне, бұрын айтылмай, дұрыс баға берілмей келген қазақ өркениеті мәселесі, осылай анық, бір-бірімен байланыстырыла отырып жазылуы және шәкірттердің санасына сіңірілуі керек.
Төл тарихымыздан кеңестік-таптық мүддеге сай келмеген маңызды тарихи оқиғалар мен көрнекті қайраткерлер алынып тасталды немесе олар бұрмаланып жазылды. Мәселен, қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы Отан соғысы тарихымыздан өзінің шынайы бағасын ала алмады. Ол Қазақстанның Ресейге «өз еркімен» қосылуы аясында ғана, соның алғышарты ретінде ғана, тар аяда қарастырылды. Мұнда негізінен қазақ халқының «Ақтабан шұбырындыға» ұшырап, «елім-айлап» зарлап, жер бетінен құрып кету қаупі туғаны, осындай ауыр кезеңде Әбілқайыр ханның өз елін бастап Ресей құрамына кіруі – өте көрегендік, прогрессивтік құбылыс болғандығы баса атап көрсетілетін. Осылайша, бұл тақырыпты оқыған шәкірттің бойында өз ата-бабаларының ерлік күресінен гөрі, аға ұлтқа деген зор құрмет басым түсіп, «бізді аман алып қалған орыс мемлекеті екен ғой» деген түсінік қалыптасатын.
Ал шындығында олай еместігі, патшалық Ресейдің қазақ елін қашан өз қол астына кіргізгенше, оны болашақта отарлау үшін, қазаққа қарсы қалмақ, жоңғар, башқұрт, орыс-казактарды әдейі айдап салып, соғыстырып отырғаны белгілі. Қазақ елін өз қоластына алғаннан кейін де Ресей оған әскери күшпен көмектесіп, жоңғарлармен, басқа жауларымен ешуақытта соғысқан емес. Қайта қазақтардың жоңғарлармен соғысып жатқанын пайдаланып, кең-байтақ қазақ жерін әскери бекініс шептерімен құрсаулап жатты. Яғни, Ресейдің мақсаты, қазақты қорғау емес, отарлау болды. Бұл мәселе осылай басы ашылып, жазылуы және оқытылуы керек. Ал, жүз жылдан астам (1635-1758 жж.), немесе кейбір зерттеушілер айтқандай, екі жүз жылдан астам (ХVІ ғ. 20 жж. – 1758 жж.) уақытқа созылған қазақ-жоңғар соғыстары тарихымыздан өзінің шынайы бағасын алып, бұл оқиғаның желісін үзбей, толыққанды оқытуымыз керек, бүгінгі ұрпақ бабаларының ұлы ерлік күресін оқып біліп, одан тағылым алуы тиіс.
Сол сияқты тарихымыздан жеке тұлғалар да мәселен, ХVІІІ ғасырда қазақ елінің тағдыры қыл үстінде тұрған ауыр кезеңде үш жүздің басын қосып, жолбарыстай жортып азаттық күресті ұйымдастырып, Отанымызды басқыншы жаудан қорғап қалған, Ресей мен Қытай империялары елімізге ауыз сала бастағанда кемеңгер, көпқырлы саясат ұстанып, еліміздің, жеріміздің тұтастығын сақтап қалған, сол арқылы қазақтың болашағына ақ жол салған Абылайдай хандарымыз тарихтан шынайы өз бағасын ала алмай келді. Ал шын мәнінде қазақ мемлекеттігінің тарихында Абылай ханның алар тарихи ролі зор, оны бүгінгі ұрпақ толық білуі қажет.
Адамзат баласының ең асыл құндылығы – Тәуелсіздік десек, қазақ халқының сол Тәуелсіздік жолындағы ұлт-азаттық күрестері Отан тарихынан өзінің шынайы обьективті бағасын ала алмай келді. Оларға негізінен марксизм-ленинизмнің тар таптық «көйлегі» кигізіліп, тек «шаруалар көтерілістері» деңгейінде ғана қарастырылды. Ал таптық көйлек сыймайтын, ірі ұлт-азаттық оқиғаларға, мәселен, қазақтың соңғы ханы, алаштың азаттығы үшін империямен он жыл бойы арпалысқан Кенесары Қасымұлының әрекетін «феодалдық-монархиялық қозғалыс», «хандық билікті қалпына келтіру үшін күрес» ретінде ғана баға беріліп, ал ханның өзі «халыққа қарсы», «орысқа қарсы», «баукеспе, қарақшы» деңгейіне дейін төмендетіліп келді. Ал, ол туралы тарихи шындықты ашып көрсеткен көрнекті тарихшы-ғалым Ермұхан Бекмахановтың тағдыры қайғылы болды. Ол әуелі өлім жазасына кесіліп, кейін оны 25 жылға соттап, итжеккенге айдады.
Өткен ғасырдың басында күш білекте емес, білімде екенін ұғынып, қараңғыда ұйықтап жатқан қазақты маса болып оятып қана қоймай, өздері де ұлттық мүддені ту ғып ұстап, Алаш партиясын, Алашорда үкіметін, Алаш автономиясын құрып саяси күрес аренасына шыққан Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған Алаш қайраткерлерінің күресін мүлде білмедік. Білсек те олар туралы «буржуазияшыл оппортунистер», «ұлтшылдар», «байлардың құйыршықтары» сияқты қара күйе жағылған сөздерді оқыдық.
Бұған керісінше, Қазан революциясының рөлі мен тарихи маңызына ерекше көңіл бөлініп, ол барынша дәріптелді, «күн көсем» Лениннің тарихи қызметі үздіксіз мадақталды. Халқымыздың
Қазан революциясына дейінгі тарихы мен мәдениетіне біржақты баға беріліп, оның есесіне «қараңғы, надан, сауатсыз қазақ халқы Ұлы Қазан революциясының, ұлы Ленин көсемнің, ұлы орыс халқының арқасында адам болып, жарық күнге қол жеткізді» деген концепция бала жастан үздіксіз бойға сіңірілді.
«Біздің тарих ұлы тарих, мұқабасы жұп-жұқа бірақ тағы» деп Мұқағали айтқандай, онсыз да тым жұқа, көп дүниелер алынып тасталған Қазақ КСР тарихының өзі кейде күзгі, көктемгі дала жұмыстарына тура келіп, онша көп оқытыла бермейтін. Оның есесіне КСРО тарихы атты қалың кітапта негізінен орыс халқы мен Ресей мемлекетінің тарихы оқытылатын. Біз Орбұлақ, Бұланты, Аңырақай шайқастарын жете білмесек те, Нева, Куликово, Полтава, Бородино шайқастарын, ондағы орыс халқының ұлы ерлігін мақтанышпен оқитынбыз. Біз өзіміздің Абылай, Кенесары, Әлихан сияқты тұлғаларымызды дұрыс танымасақ та, есесіне орыстың Иван, Суворов, Кутузов сияқты тұлғаларының ерліктерін оқып өстік. Ал, Ленин мен Сталин сияқты «күн көсемдерге» тіпті сөз жоқ, олардың «ұлы істері» бала жастан бойымызға сіңірілді. Тарихтағы дүниелер кейде біздің бала көңіліміздің түкпірінде жатқан ұлттық сезімді тұншықтырып, екіұдай күй кешетінбіз.
Мысалы, есімде қалыпты, Куликово шайқасын өткенде, «Пересвет пен Шерубайдың шайқасы» деген сурет болатын кітапта. Онда ақ боз атты орыс батыры Пересветтің қара атты Алтын Орда батыры Шерубайды найзамен түйреп, атынан құлатып бара жатқан суреті болатын. Сондағы Алтын Орда батырының аты да, заты да, түр-түсі де, киімі де бәрі қазақ. Бойымызда біртүрлі сезім пайда болып, көңіліміз жасып қалатын. Мектепте тарих оқулығында қазақты жоңғарлар шауып, еліміз «Ақтабан шұбырындыға» ұшырап, «елім-айлап» зарласа, ал үйге келіп батырлар жырынан қазақ батырларының жоңғар-қалмақты тас-талқан еткен жеңісін оқимыз. Немесе мектепте мұғаліміміз «бай жаман, кедей жақсы, кезінде Ұлы Ленин кедей халықты бастап Ұлы Қазан революциясын жасап, байларды биліктен құлатып, теңдік орнатқан» десе, ал үйде әжеміз «бай болғанға не жетсін, осы балам бай болады» деп отырады. Міне осылай, қайсысына сенерімізді білмей дал болып, екіұдай күй кешетінбіз.
Халық тарихының қайғылы беттері айтылмады. Тоталитарлық жүйе тұсындағы күштеп ұжымдастыру, байларды тәркілеудің зардаптары, голощекиндік ашаршылық, сталиндік қанды қырған жазалау, қуғын-сүргіндер жайында айтуға, жазуға қорықтық. Егер тәуелсіздік алмағанда желтоқсан оқиғасы да «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» ретінде тарихқа енері анық еді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Қысқасы, коммунистік идеологияның партиялық-таптық мүддесі, еуроцентрлік көзқарас Қазақстан тарихында бұрмаланбаған бірде-бір маңызды проблема қалдырмады. Тек тарихымыздан ғана емес, тілімізден, дінімізден, салт-дәстүрімізден де айыруға тырысты. Мұның түбінде әрине, компартияға құлдай бағынатын, коммунистік идеологияға құлай табынатын, орыс тарихы мен мәдениетінен сусындаған, орысша сөйлейтін бірыңғай «социалистік ұлт» қалыптастыру саясаты жатқан еді.

— ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында «Ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді» деп жазады. Мемлекет басшысы «ұлттық мүдде» дегенде нені меңзеп отыр? Ұлт тарихын ұлттық мүддеге сай етіп жазу үшін қай мәселелерге басымдық берген дұрыс?

— Еліміз тәуелсіздік алған соң тарихымыздағы көптеген «ақтаңдақтарымыз» ашылып, төл тарихымыз ұлттық мүдде негізінде қайта жазыла бастады. Ойдың шідері алынды. Мұрағаттардағы құпия құжаттарға қол жетіп, көптеген жаңалықтар ашылды. Дегенмен, тарихымызды жазуда, оны оқыту жүйесінде әлі де проблемалар жетерлік. Президент айтқандай, ұлттық мүддеге сай келетін, ұлттың тарихи санасын қалыптастырып, рухани қажеттілігін өтей алатын шынайы тарихымыз әлі де толық қалыптасып болған жоқ. Ал, ұлттық мүддеге сай келетін тарих дегеніміз, сол мемлекетке атын беріп отырған титулды ұлт – қазақ ұлтының мүддесіне, рухани қажеттілігіне сай келетін, қоғамдық сұранысқа жауап бере алатын, халықтың тарихи санасын, ұлттың тарихи жадын қалыптастыратын және Қазақстан халқын бір тудың астына біріктіріп, қоғамды топтастыруға ықпал ете алатын тарих болуы керек. Ұлттық тарих – ұлттың басты рухани коды. Ал, ұлттық коды берік, ұлттық рухы биік халық қандай жаһандану болса да төтеп беріп, оның болашағы баянды, Тәуелсіздігі мәңгілік болмақ.
Отан тарихын жазуда және оқытуда әлі де толық шешімін таппаған немесе жеткілікті дәрежеде зерттелмеген әдіснамалық және әдістемелік мәселелер бар. Мәселен, ерте темір дәуіріндегі (б.з.б. VІІІ-ІІІ ғғ.) сақ тайпалары – біздің арғы бабаларымыз екендігі, олар мықты жауынгер ғана емес, артына өзіндік тамаша өркениет қалдырған халық болғандығын анық әрі ашық жазуымыз керек. Сақтар жабайы емес, оларда өркениеттің басты белгілері болған: олардың жазу-сызуы (Есік жазуы), архитектурасы (қалалары және обалары) және соңғы зерттеулер бойынша мемлекеті де болған. Егер оларда мемлекет болмаса, сол кездегі әлемнің ең мықты державалары – парсы және грек-македон басқыншылығына тойтарыс бере алмас еді. Сонымен бірге ірі құрылыстарды – қалаларды (Шірік-Рабат, Бәбіш-Молда, Баланды, Ақтау т.б.) және алып обаларды (олар жәй үйінді емес, өте күрделі архитектуралық құрылыстар) сала алмас еді. Демек оларда жоғары ұйымдастырушылық аппарат, яғни мемлекет болған. Ал, олардың «аңдық стильдегі» өнері тіпті керемет. Міне, көне дүниенің өзінде осындай өркениет қалдырған халықты көптеген оқулықтарда әлі де үндіиран немесе шығыс иран тілдес халық деп жазуда. Мысалы, Қазақстан тарихының І томында (Алматы: Атамұра, 2016): «Неғұрлым көне парсы сына жазу мәтіндерінде Шығыс Иран тайпалары Saka деген жалпы атпен аталған» деп жазады (161 б.). Сондай-ақ мектеп оқулығының соңғы шыққандарының өзінде (Қазақстан тарихы. 5 сыныпқа арналған оқулық. – Алматы: Атамұра, 2017) сақтардың үндіирандық тегі туралы бірнеше жерде атап өтеді. Мысалы: «...Белгілі қазақстандық антрополог О.Смағұлов үндіирандық сақтардың арғы тегі андрондықтар екенін дәлелдеп шықты. Ежелгі Иран аумағында өркениетті мемлекет құрған парсылар далалық үндіирандықтарды жинақы атаумен «тұрандықтар» деп атады» (60 б.) дейді. Немесе, «... Бұл аумақтық (Қазақстан) мәдени бірлестікті иран тілінің шығыс диалектісінде сөйлейтін, еуропеоид өңдес тайпалар құрған. Қазіргі уақытта бұл бақташы тайпалар – сақ, тохар-юечжи, массагет, савроматтарға жатқызылады» (64 б.) – деп атап көрсетеді. Тіпті, қазақ даласының сонау қиыр шығысы, Алтай тауы өңірлері де үндіиран тайпаларының атамекені болыпты-мыс. Ол туралы аталған кітаптың 67 бетінде: «Үндіиран тайпаларының тарихында ерекше орын алатын ескерткіштер – Берелдің тоң басқан обалары және Пазырық қорымы» екендігі айтылған. Сондай-ақ Қазақстан тарихының 6-сыныпқа арналған картасында да сақтың бейнесін беріп, астына олардың «үндіиран тілдес халық болғандығы» жазылған. Бұдан, әрине, шәкірттердің жадында «сақтар біздің емес, шығыс иран тектестердің (тәжіктер, ауғандықтар, т.б.) ата-бабалары екен ғой» деген түсінік қалыптасады. Бұл біздің еуроцентристік көзқарастан әлі де арыла алмай отырғанымызды көрсетеді.
Шын мәнінде күнді қолмен жаба алмайтынымыз секілді, сақты қазақтан ажырата алмаймыз. Сақтар – қазақ, өзбек, қарақалпақ, тағы басқа ортазиялық түркі тілдес халықтардың ата-бабалары екендігі анық. Сақтардың төрт түлікті өсірген көшпелі өмірі, киген киімі, шошақ бөркі, киіз үйлері, кейіннен қазақтың ою-өрнегіне ауысқан «хайуанаттық нақыштағы» өнері, кейіннен қазақтың ру-тайпаларының таңбасына айналған жазулары (мысалы, сақтар иран тілдес болса, бұл жазулар неге Иранда жоқ), қысқасы, бәрі-бәрі олардың қазақтың ата-бабалары екендігін көрсетеді. Олардың халықтық атаулары да бізге ұқсас: Сақ – Қазақ (нағыз сақ) болса, ал Тұр – Түркі, Тұран – Түркістан екендігі шындық емес пе? Қазақ даласынан сақтардың жеті бірдей алтын адамының табылуының өзі неге тұрады? Есіктен табылған күміс табақтағы жазуды белгілі түріктанушы ғалым Алтай Аманжолов оқыды, онда: «Аға саңа очқұқ, Без чок, Букун ічре азуқ і» деген, яғни «Аға, саған бұл ошақ! Бөтен ел адамы тізеңді бүк! Халықта азық-түлік мол болғай» деген сөздер жазылған екен. Көріп отырғанымыздай көне түрікше, әрі ол жазулар қазіргі қазақ руларының таңбасы болып отыр. Бұдан басқа қандай дәлел керек? Егер оған да сенбесеңіз, Геродоттың аузымен сақтардың бір ауыз сөзі бізге жетіпті: тарих атасы амазонкаларды скифтер (сақтар) өз тілінде «эорапалар» деп атайтынын жазады. Мұндағы эор – қазақша ер, апа – апа, яғни «ер апалар», «батыр қыздар» деген сөз. Міне, осының бәрі сақтардың ирандық емес, түркілік негізін көрсетеді. Ал сақтардың еуропалық бет-әлпетіне ғана сүйеніп, олардың тілі шығыс иран тілдес деп кесіп айтуға болмайды деп ойлаймын. Мысалы, қытай мен монғолдың түрі бірдей болғанымен, ал тілдері мүлдем үш қайнаса да сорпасы қосылмайды ғой. Солай болғанның өзінде (еуропалықтар – үндіиран, монғолоидтар – көне түркі тілдес), сақтардың таза еуропалық емес, аздаған монғолдық белгілері болған. Мәселен, аргиппейлер мен аримаспылардың монғол текті болғандығын (қысық көз, жалпақ бет, таңқы танау) Геродот та байқаған. Сондай-ақ, Бехистун жартасындағы суретте де, сақтардың шоқтерек композициясында да олардың беті жалпақтау, көздері аздап қияқтау біткен, ал сақал-мұрттары бұйра емес, тік өскен, яғни монғолдық белгілерді анық байқаймыз. Сондай-ақ түркілерді монғолдық емес, еуропалық нәсілдес болған деген зерттеушілердің (М.Аджи) барын да ұмытпауымыз керек. Қысқасы, біздіңше еуропалық көзқарастан бас тартып, сақтарды түркі тілдес халық, біздің бабаларымыз ретінде және олардың өзіндік өркениетін қазақ өркениетімен салыстыра, байланыстыра отырып жазуымыз және оқытуымыз керек.
Рас, көптеген «ақтаңдақтарымыз» ашылып, тарихымыз толықтырылып жазылды. Бірақ, оны ұлттық мүддеге негіздеп, елдің тарихи жадын нығайтып, ұлттық рухты көтеретіндей етіп, өзара сабақтастықты үзбей, қарапайым көпке түсінікті тілмен көркемдеп жазу жағы кемшін түсіп жатыр деп ойлаймын. Мәселен, меніңше сақтар өркениетін де, одан кейінгі үйсін, қаңлы, ғұн және орта ғасырлардағы түркі өркениетін де – қазақ өркениетінің бастау көздері, алғашқы сатылары екендігін ашып көрсетіп, олардың өзара сабақтастық желісін үзбей, байланыстыра отырып жазу және оқыту керек. Түркі дәуірі өркениетіне қатысты академиялық басылымда (Қазақстан тарихы, 1 том) және мектеп оқулығында (Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы, 7 сынып, Алматы: Атамұра, 2003) «VІ-ІХ ғғ. І жартысындағы отырықшы және көшпелі мәдениет. Қала мен дала» деген бөлім берілген. Осы бөлімді «Түркі өркениеті – қазақ өркениетінің негізі» деп атап, ішіндегі тақырыптары мен мәтіндеріне осы сөздерді қосып, өзара сабақтастыра, байланыстыра жазуға болмас па екен? Қазақ мемлекеттілігі мәселесі жөнінде де осыны айтуға болады. Қазақ мемлекеттілігі – қазақ даласында көне замандардан бері түрлі тарихи кезеңдерде тарих сахнасына көтеріліп, уақыт өте жаңа мемлекеттік құрылымдарға ығысып орын беріп отырған мемлекеттердің табиғи жалғасы әрі мұрагері екені анық. Біздің оқулықтарда мемлекеттер тарихы бар, бірақ оларды өзара сабақтастық желісін үзбей байланыстыратын сөз бен ойлар жоқ. Қазақ халқының қалыптасуы сияқты, қазақ мемлекетінің қалыптасуы да ұзақ тарихи кезеңдерден өтті емес пе? Ендеше, «Қазақ халқының қалыптасуы» мен «Қазақ хандығының құрылуы» деген тақырыптардың арасына «Қазақ мемлекеттігінің қалыптасу кезеңдері» деген бір түйіндеуші тақырып жазылуы керек деп ойлаймын. Ал жаңа заманға қатысты қазақ-жоңғар соғыстары, қазақ-орыс қатынасы, Абылай хан, ұлт-азаттық қозғалыстарға қатысты кейбір ойларымды жоғарыда айттым. Жалпы қай тақырып болмасын, ұлттық мүддеге негізделіп санаға сіңімді етіп жазылғаны дұрыс. Оқулықтағы бөлімді біткенде немесе бір бағыттағы бірнеше тақырыптарды өткенде, сол бөлімді, ұқсас оқиғалар мен құбылыстарды қорытып түйіндейтін «Түйін және тағылым» деген сияқты айдар қойып, оқушылар одан ой түйіп және тағылым алып отыруы керек. Мәселен, жоғарыда айтылғандай, әр дәуірдің мәдениетін байланыстырып өркениет ұғымымен, мемлекеттерді оқып біткен кезде оны қазақ мемлекеттігінің қалыптасуымен, ұлт-азаттық қозғалыстарды өткенде Тәуелсіздік ұғымымен байланыстыра, басында ол бөлімді ашатындай қысқаша сөздермен бастап, бөлім аяқталған соң оны түйіндеп, тағылым алып отыру керек. Бұл, әрине, менің өз ойым. Оның есесіне оқулықтағы негізінен бір мағына беретін басы артық, шұбалаңқы сөйлемдерді қысқартып, нақты, қысқа, түсінікті етіп жазу керек.
— Шымкентте шекті Тілеу батыр Айтұлы мен оның ұлы Жолдыаяқ батыр Тілеуұлының ескерткіші ашылғанда «Он бір мың шейіттің рухына тағзым» деген мақала жазып едім. Сол кезде 1681-1684 жылдардағы Сайрам соғысының тарихымен алғаш рет таныстым. Сіз білетін шығарсыз, сонау батыстан, Ақтөбеден Тілеу батырдың соңынан еріп келген 17 мың сарбаздың 11 мыңы шейіт болған екен. Бабаларымыз қазір біз өмір сүріп жатқан өзіміздің Сайрам мен Шымкентті, қасиетті Түркістанды қорғау үшін жаннан кешкен ғой. Бұл – нағыз қаһармандық! Әрі батыстан келген сарбаздардың оңтүстікте жан аямай соғысуы — сол уақытта қазақтың ру-ру, тайпа-тайпаға бөлініп жатқан берекесіз ел болмағанын, ұлттық санасы әбден бекіген біртұтас ұлт болғанын көрсетпей ме? «Бір ауыз сөзбен айтқанда, Сайрам соғысы – қазақтың шын мәніндегі Отан соғысы» деп жазғаным есімде. Енді қараңыз, мен мектепте үздік болмасам да тарихқа қызығатын оқушы едім. Университетте де тарихты 2 жыл оқытты. Сөйте тұра мен 2015 жылға дейін «Сайрам соғысы» туралы ештеңе білмей келдім. Демек, мектеп оқулықтарында бұл шайқас туралы ештеңе жазылмаған немесе жазылса да 1-2 абзацпен сырғытып өте шыққан. Осынау үлкен тарихи оқиғаға акцент берілмеген ғой.
—Дұрыс айтасыз, Отанымыздың басына қауіп төнгенде бір тудың астына жиналатын, ұлттық санасы әбден бекіген «алаш» ұранды біртұтас ұлт болдық. Әйтпесе, сонау батыстан 17 мың сарбазды бастап, оңтүстікке өз еркімен Тілеу батыр келер ме еді?! Батыстың өзінде де жау аз емес еді ғой. Ал, сол 17 мыңның 11 мыңы шейіт болуы бабаларымыздың Отанның қасиетін, оның біртұтастығын жанымен түсінгендігін көрсетеді. Әбілқайыр хан да өз әскерімен оңтүстікке келіп, Түркістанды 32 ұлысымен қайтарып алып қана қоймай, Ордабасыда бүкілқазақ әскерінің бас қолбасшысы болып сайланып, Бұланты және Аңырақайда ата жауды тас-талқан етуге басшылық еткен жоқ па? Сондай-ақ оңтүстіктен батысқа барып жаумен арыстанша арпалысқан батырлар да аз болмаған. Мәселен, Қоңырат Алатау батыр Тілеу батырдан 40 жылға жуық уақыт бұрын (ХҮІІ ғ. 40 жж. соңы) әскер бастап барып Еділ қалмақтарымен ерлікпен соғысқан. Сол соғыста 8 рет жекпе-жекке шығып, бәрінде де жауын жер жастандырып, 9-шы рет шыққанда астындағы аты шыдамай құлап, содан мерт болады. Қасиетті Түркістаннан кіші жүз жеріне барып, жергілікті халыққа көмектесіп, ерлікпен қаза тапқан Алатау батырға кейіннен ұлы күйші Құрманғазы Сағырбай-
ұлы үлкен құрмет сезіммен «Алатау» күйін арнап шығарған екен. Міне, осы Қоңырат Алатау батыр туралы да, шекті Тілеу батыр жөнінде де оқулықтарда ештеңе жазылмаған. Мұндай ұлттық сананы, патриоттық сезімді көтеретін бабаларымыздың Отан қорғау жолындағы ерлік күресін назардан тыс қалдыруға болмайды. Олар тарихымыздың төрінен орын алуы керек. Адамзаттың ең асыл құндылығы Отан, атамекен жер және Тәуелсіздік десек, сол жолда күрескен барлық тұлғалар күрестің үлкен-кішісіне немесе руына қарамай тарихымыздан өз орнын алуы тиіс.
Тағы бір мысал айтайын, Қоқан басқыншылығына қарсы күрескен оңтүстіктің батырлары – байлар-жандар Мұсабек, алғи Байбақ, Өтеш, құлшығаш Тәнен, қаракөсе Түркебай, қожа Мәделі, Қанай датқа, Байзақ датқа және тағы басқа тұлғалар туралы оқулықтарда ештеңе жазылмаған. Қоқан езгісіне қарсы күрескен бұл батырлардың ең болмаса атын атап, Ордабасыда қазақ қыздарына зәбір көрсеткен Қоқан бегі Мырзабидің ордасын шауып, әскерін қырып, қыздарды босатып алған бір ғана ерлігін жазса, шәкірттердің бойында патриоттық, ерлік сезімнің қалыптасуына титтей де болса септігі тимей ма? Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

— Кеңестік дәуір Қазақстан тарихының ең қатты бұрмалаған кезеңі болған шығар. Қазір бұл кезеңдегі қандай мәселелерге онша көңіл бөлінбей келе жатыр деп ойлайсыз?

— Қазақстан тарихының ең күрделі, қарама-қайшылығы мол, қасіреттер мен күрестерге толы кезеңі – ХХ ғасыр, кеңестік дәуір ең қатты бұрмаланған кезеңі болды. Көрнекті тарихшы-ғалымдар М.Қозыбаев, К.Нұрпейісов, М.Асылбеков, М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, Ж.Абылқожин және тағы басқалардың ерен еңбегінің арқасында бұл дәуірдің «ақтаңдақтары» ашылып, қайта жазылды. Дегенмен, ол кезеңдегі күрделі қоғамды, ондағы қайшылықтарды түсініп, одан тағылым алып отыру үшін, оның әлеуметтік-саяси астарларын түсінікті етіп ашып көрсету керек. Мәселен, мемлекеттік билік үшін күресте тек таптық мүддені, кедейлердің пролетариат диктатурасын орнатуды көздеген Ленин бастаған большевиктердің бағыты дұрыс па, жоқ әлде, тек бай не кедей деп бөлмей, жалпы ұлттың, бүкіл қазақтың ұлттық мүддесін көтерген Ә.Бөкейханов бастаған алаштықтардың бағыты дұрыс па? Сол кездегі қазақ қоғамында таптық қайшылық күшті болды ма, әлде ұлттық езгі ме? Біз әрине, таптық қайшылықты жоққа шығармаймыз, бірақ ол кезде ұлттық езгі, яғни патшалық Ресейдің қазақ халқына жүргізіп отырған отаршылдық езгісі одан гөрі әлдеқайда басым еді. Бізде таптық қайшылық іштен пісіп жетілген жоқ, революциялық жағдай қалыптасқан жоқ, ол отар болған қазақ еліне метрополиядан жасанды түрде енгізілді. Социализм көшпелі және жартылай көшпелі қазақ ауылына сырттан күштеп таңылды. Сондықтан да ұлт ұстазы А.Байтұрсынов өзінің «Төңкеріс және қазақтар» деген мақаласында: «Қазақтар Ақпан төңкерісін қаншалықты қуанышпен қарсы алса, ал Қазан төңкерісін соншалықты үреймен қарсы алды» дейді. Бұл қазақ қоғамында таптық емес, ұлттық езгінің күшті болғандығын көрсетеді. Шәкірттер осыны түсінуі тиіс.
Жалпы, біз осы кеңестік кезеңде үш дүркін революцияны (1905-1907, 1917 жж. Ақпан және Қазан), қырғынды азамат соғысын (1918-1920 жж.), үш дүркін ашаршылықты (1917-1918, 1921-1923 және 1930-1932 жж., әсіресе соңғысында қолдан жасалған голощекиндік ашаршылықтан қазақтың тең жартысы қырылды), үш дүркін қуғын-сүргінді (1928-1932, 1937-1938, 1946-1952 жж.) басымыздан өткердік. Осы қасіретті тарихи оқиғалардың бәрінің де негізінде қоғамның қарама-қарсы тапқа бөлінуі мен олардың арасындағы таптық күрес жатыр. Бұдан алар тарихи тағылым, кешегі біртұтас қоғамды ортасынан қақ жарып, қос антогоистік тапқа бөлген маркстік-лениндік идеологияның дұрыс еместігі, ал ол таптардың билік үшін бітіспес революциялық күрес жолына түсуі даму заңдылығына қайшы келетіндігі. Керісінше, айналамыздағы табиғаттың тек ақ пен қара емес, түрлі түстерден тұратындығы сияқты әртүрлі әлеуметтік топтардан, жіктерден (страта) тұратындығын ескеру және олардың тығыз ынтымақтасып, революциялық емес, эволюциялық-реформалық жолмен дамуының дұрыс екендігін бізге баба тарих сан мәрте дәлелдеді. Сондықтан оқулықта осы мәселелер ешкімге жалтақтамай, ұлттық мүдде тұрғысынан анық, ашық жазылуы және оқытылуы керек.
Сталиндік-тоталитарлық биліктің қазақ халқына жасаған ешқашан кешірілмейтін қылмыстары орасан: ол – биыл 100 жыл толып отырған 1921-1922 жылдардағы алапат аштық және 1930-1932 жылдардағы қолдан жасалған голощекиндік геноцид; ол – қазақ даласында жасалған 3 дүркін қуғын-сүргіндер, ұлт зиялыларын қудалау, қыру; ол – тұтастай ұлттарды Қазақстанға күштеп депортациялау, Карлаг, АЛЖИР, Степлаг, Жезқазғанлаг, Озерлаг, Песчанлаг сияқты тамұқ түрмелерді қаптатып, адамдарға осы заманғы тозақ азабын шектіру...
Мәселен, бір ғана голощекиндік ашаршылықтан 2,2 млн., яғни, қазақтың 49 пайызы қырылған. Бұл – геноцид! Яғни, бір халықты әдейілеп қыру саясаты. Анасы баласын, баласы анасын көмусіз қалдырған, тіпті адам етін жеуге дейін барған мұндай сұмдықты халқымыз тіпті ХІІІ ғасырдағы Шыңғыс хан, ХVІІІ ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы кезінде де көрген емес. Айырмашылығы ол кезде халқымыз жаумен соғыста қаза тапса, ал мұнда бейбіт күнде отарлаушы басшысының әдейі жүргізген солақай саясатынан қынадай қырылды.
Кеңестік билік одан кейінгі уақытта да қазақ халқын аяған жоқ. Тың игеру жылдарында Қазақстанға 2 млн. аса славян халықтарын көшіріп, шын мәнінде қазақ даласын бейбіт жолмен отарлады. Бұл саясаттың ХХ ғасырдың басындағы патшалық Ресейдің қоныстандыру саясатынан айырмашылығы шамалы еді. Сонымен бірге қазақ халқын рухани отарлау, орыстандыру, қазақ мектептері мен балабақшаларын жабу үздіксіз жүргізіліп жатты. Семейде, қазақ даласының басқа да жерлерінде 500-ден аса ядролық жарылыстар жасап, елімізді экологиялық апат аймағына айналдырып, ұлтымызды мүгедек етті. Еліміздің бүкіл саяси билігі, экономикалық билігі Мәскеудің қолында болды. Қазақстан Орталықтың шикізат шылауына айналды. Қазақ халқын осындай азаптар мен қасіреттерге әкелген кеңестік-тоталитарлық биліктің саясаты, барлық қылмыстары еш бүкпесіз ашық, көпшілікке түсінікті тілмен жазылуы тиіс. «Тарих тек ғылым үшін зерттелмейді, ол ең алдымен тарихтан тағылым алу үшін зерттеледі» деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, осынау қасіретті оқиғалардан шәкірттер тағылым алатындай етіп жазылуы керек.
Біз кейбір мәселелерде тарихтан тағылым ала алмадық. Мәселен, ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары ауыл шаруашылығын жекешелендіруде өрескел қателіктер жібердік. Ауыл шаруашылығы техникаларын, жерлерін еш ғылыми негіздеместен таратып бердік. Егер ұжымдастыру кезінде барлығын бір жерге күштеп жинаса, енді керісінше, оны асығыс таратып жіберді. Бұл бір ғана мысал. Қазақ қоғамы, қазақ мемлекеті алдағы уақытта да дамудың дұрыс жолын таңдай білу үшін үнемі тарихқа сүйеніп, тарихи оқиғаларды дұрыс саралап барып шешім қабылдасақ, жаңылыспаймыз. Өйткені, тарих – ұлы ұстаз, одан тағылым, сабақ ала білу керек.

— Бүкпесіз, ашық әңгімеңіз үшін рахмет!
 

Жаңа пікірді жазу

Ограниченный HTML

  • Рұқсат етілген HTML тегтер: <a href hreflang> <em> <strong> <cite> <blockquote cite> <code> <ul type> <ol start type> <li> <dl> <dt> <dd> <h2 id> <h3 id> <h4 id> <h5 id> <h6 id>
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.
  • Web page addresses and email addresses turn into links automatically.

Оқиға категориялары