ЖАҚСЫ МАМАНДЫҚ - ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ БАСТАУЫ

Кәсіби бағдар беру жас ұрпақты өзіне ұнаған тиісті мамандықты саналы талдап алуға дайындауға бағытталған іс-әрекеті. Кәсіби бағдар беру арқылы оқушыларды мамандықтар әлемінде, олардың мазмұны, ерекшеліктері, жеке тұлғаға қоятын талаптарын өз бойындағы қасиеттерімен ұштастырып, өндіріс, шығармашылық салаларының даму міндеттеріне, оның нарықтық экономика жағдайындағы рөліне сай саналы таңдалып алынған мамандыққа мүдделілігін тәрбиелеуді қажет етеді.

Мамандықты саналы таңдауда адамның қабілеттілігінің қалыптасуының да үлкен маңызы бар. Кәсіптік бағдар беру жұмысы бүгінгі таңда ең көп талқыланатын тақырып және жиі көтерілетін өзекті сұрақтардың қатарында. Біздің Сырдария университетінің «Дизайн және өнер» факультет ұстаздары осыған орай атқарылатын нақты шараларды анықтап, жоспарлы түрде жүйелі жүзеге асыруда.

Өйткені біздің факультет шығармашылық, өндірістік, кәсіптік білім беруге бағытталған және заман талабына сай түрлі мамандар даярлайтын ұжым. Жыл сайын үш мамандық бойынша бәсекеге қабілетті сан алуан кәсіп иелері диплом алып шығуда. Түлектеріміз еліміздің түрлі қалаларында Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтау, Шымкент т.б қызмет атқарып жүр, өз мамандығы бойынша тамаша жетістіктерге жетіп жатыр.

Дұрыс жол тапсаң дүниеге пайдасы бар кірпіш ретінде қаланудың мүмкіндіктеріне қол жеткізесің. Демек оқушыларға дұрыс жөн сілтеу ұстаздардың пайымды пікірлерін тыңдау мен түрлі саладағы мәртебелі мамандық иелерімен кездесудің маңызы өте зор. Осы мақсатта оқушыларға болашақ мамандық таңдауға көмектесу және пайдалы кәсіп туралы көзқарастарын дамыту үшін университет оқытушылары жыл сайын қала, аудан, ауылдағы білім шаңырақтарына барып, кәсіби бағдар жұмыстарын жүргізіп келеміз.
 

Теги: