ҰСТАЗДАР - ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАР

“Ұстаз» деген адамзат үшін қашанда қасиетті, қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады.
Бүгін Тәшенев университеті ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай салтанатты жиын өткізді. Жиынға Тәшенев университеті АҚ Басқарма басшысы- Оңалбай Аяшұлы мен университет ректоры Қанат Сейтжанұлы қатысып, шәкірт тәрбиелеу жолында еңбегін аямаған мұғалімдерді мерекесімен құттықтады.
-Ұстаз - бұл өте қасиетті әрі биік мамандық десек артық емес. Президентіміз ұстаз дәрежесін көтеру үшін педагогтардың мәртебесі туралы арнайы заң қабылдады. Ұлттың болашағы ұрпағында болса, ұрпақтың тәрбиесі - мұғалімнің қолында. Сіздердің бүгінгі атқарып жүрген еңбектеріңіз әрқашанда елеулі. Мұнда сіздердің еліміздің болашағы болып табылатын патриот, ізденімпаз, мейірімді жастардың қалыптасуына қосқан үлестеріңіз өте маңызды, - деді Оңалбай Аяшұлы. 
Құттықтау одан әрі марапатқа жалғасты. Бірқатар ұстаздарға алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Айгерім Әбдіоқапқызының да алғыс хаттары ұстаздарға табысталды. 
Мереке шәкірттердің концерттік бағдарламасына ұласты.