САУСАҚ БІРІКПЕЙ ИНЕ ІЛІКПЕЙДІ

Көпшіліктің қалауы болды. Кешегі өткен сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев 82,45 пайызбен жеңіске жетті. Жат күштер, ел ішін ала тайдай бүлдіретіндер халықтың тұтастығына сына қаққысы келіп, әр қиырға салғанымен олар дегеніне жете алмады.
Қазақстан халқы жаңа саяси дәуірдің табалдырығында тұр. Өткенге тас лақтырмағанымызбен бұрынғы биліктегі сыбайлас жемқорлық Қазақстандай мықты мемлекеттің ірге тасын шайқағаны анық. Қазақстен Мемлекетінің Президенті Қ.Тоқаев жұмысқа кіріскен алғашқы күндерінен-ақ сыбайластықтың тамырына балта шауып, Жаңа Қазақстан құратындығын мәлімдеген болатын.
«Конституциялық реформаны толығымен және нақты жүзеге асырамыз. Еліміздің саяси құрылысын жаңа қалыпқа түсіреміз. Экономиканы түбегейлі өзгертеміз. Халқымыздың әл-ауқатын арттырамыз. Соның бәрін ойдағыдай атқару үшін бізге бірлік керек. Сондықтан әрдайым бірге болайық!» – дейді Қазақстан Президенті.
Мемлекет Басшысын сайлауда айқын басымдылықпен жеңіске жеткенімен құттықтай отырып, Жаңа Қазақстанымыздың тұғыры мықты, болашағы кемел болғанын қалаймыз. Бәріңізге құтты болсын, әлеумет! 

Қанат Байболов,
Ж.Тәшенов атындағы университеттің ректоры