Құрақ құрау - өнердің сарқылмас қайнар көзі

Таңғажайып талантымен талайларды тамсандырған қазақ қолөнерінің қарапайым да қайталанбас түрі – қиыстырып құрақ қию, одан көздің жауын алатындай өте бағалы бұйымдар жасау. Оның қымбат құндылығының бір айғағы құрақтан жасалған заттардың ұзатылатын қыз жасауына еніп, бұл дүние-мүліктің ажарын арайландырып жіберетіні, үй ішіне ұлттық рең беріп, адамның рухын асқақтататыны.
Құрақ–төрге төсейтін көрпеше. Мата қиындыларын қиюластырып, тұмарша, сегіз жапырақ, ромб тәрізді өрнектерден құралған көрпені құрақ немесе құрақ көрпе деп атайды. Ежелден қонақжай қазақ халқы төрін қонаққа арналған "қасиетті орын” санаған. Ерте кезде баласы өліп, тоқтамаған үй "тіл-көзден аман болсын” деген ырыммен қырық құрақ құрап, баласын соған ораған. Құрақ көрпені арасына мақта немесе қойдың, түйенің жүнін салып, сырып тігеді.
«Дизайн және өнер» факультетінің «Дизайн» білім беру бағдарламасының ісмер он саусағынан бал тамған шебер студент қыздары құрақ көрпеден құрақ кеудешеге дейін, құрақ бөстектен құрақ ойыншыққа дейін жасап, керемет нәрселердің де қарапайым тәсілмен-ақ өмірге келетінін паш етіп келеді.
Басты бұйымдары көрпе, тұскиіз, ендеше, жастық, түрлі ойыншықтар болып келетін құрақ құрау – қазақ дәстүрінде қыз балалар кішкентайынан біліп, үйренуге тиісті қолөнер түрі. Ол қыздарды төзімділікке, үнемділікке, шеберлікке, бояуларды ажыратып, олардың бір-бірімен үйлесімділік табуын түсініп, тануға шыңдайды, тазалыққа, әсемдікке үндейді, жан-дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтеді.
Біздің мақсатымыз - қазақ халқының қолөнерінің бірі –құрақ құрау өнері туралы жастарға қазақ қыздарына тәрбие мен білім негізінде өз ұлтының ғасырлар бойы жинақталған тәрбиесін, адамгершілік қағидаларды бойына сіңіре отырып, өнер мен мәдениетін, тілін, әдет-ғұрпын, ата-салтын дәріптеу.
 

Оқиға категориялары