Тұмаудың алдын алу

Бүгін университет студенттері "Тұмаудың алдын алу" тақырыбындағы дәрігердің кеңесін тыңдады. Жетісай ауданының "Салауатты өмір салтын насихаттау орталығының" дәрігер-маманы Жанар Серікбаева тұмау және тыныс алу жолдарының жедел вирустық инфекциялары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Соның ішінде тұмау циклдік ағымға ие болғандығы және адамдардың көпшілігінде тұмау пандемиядан да қауіпті эпидемияға айналып отырғандығын атап өтті. Сонымен бірге, тұмаудың алдын алудың жолдарын да сөзге алды: тұмауға қарсы вакцина егу, эпидемия кезінде адамдармен байланысты мүмкіндігінше азайту (қоғамдық көліктермен сирек жүру, қонаққа барудан бас тарту), бөлмені, үйді жиі желдетіп, ылғалды түрде жиыстырып қою, мұрынның шырышты қабығын интерферонды қолдана отырып, 0,25 пайызды оксалин майымен майлап қою, сарымсақ, пияз сонымен қатар құрамында С дәрумені бар өнімдерді көбірек пайдалану және т.б.

"Тұмау басталғанда адамның денесі дел-сал болып, көңіл-күйі нашарлайды және тағамға тәбеті шаппайды. Бір-екі күннен кейін дене қызуы көтеріледі, басы ауырады, бұлшық еттері сыздап, буын-буыны сырқырайды, мұрны бітеді, дауысы қарлығып, жөтеледі, тамағы қызарып, жұтынғанда ауырады, көзі қызарып жасаурайды. Адам дереу дәрігерге көрініп, емделсе, үш-бес күннен кейін дене қызу төмендеп, сауыға бастайды", - деді дәрігер түсіндіру барысында.

Жиын соңында дәрігер студенттер тарапынан жолданған сауалдарға жауап беріп, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуге шақырды.

Баспасөз қызметі

Теги: